Тек дәлелді медицинаға сеніңіз: министрлік аутизм туралы ескерту жасады.


Әлеуметтік желілерде "аутизмді толық емдеу", "жалған аутизм" және басқа да ғылыми негізі жоқ теориялар туралы мәлімдемелердің көбеюіне байланысты Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарды тек дәлелді медицинаға сенуге шақырады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ведомствоның мәліметінше, аутизм спектрінің бұзылыстары (АСБ) – халықаралық медициналық қауымдастық мойындаған нейродамудың ресми ерекшелігі. Министрлік аутизмнің тәрбиеден, гаджеттерден немесе вакцинациядан пайда болатыны туралы пікірлердің шындыққа жанаспайтынын атап өтті. Тек гаджеттерді шамадан тыс пайдалану балалардың сөйлеуі мен мінезіне уақытша әсер етуі мүмкін.

Сондай-ақ бүгінгі таңда аутизмді "толық әрі жылдам емдейді" деп дәлелденген ғылыми әдіс жоғын ескертті. Министрлік күмәнді терапиялар, жалған ғылыми тәсілдер мен "ғажайып ем" туралы уәделер ата-аналарды адастырып, кәсіби көмекке жүгінуге кедергі келтіруі мүмкін екенін айтты.

Мамандардың айтуынша, аутизм кезінде бала үшін ең маңыздысы – ерте анықтау, дер кезінде түзету жұмыстары, білікті мамандардың қолдауы және отбасының белсенді қатысуы.

Денсаулық сақтау министрлігі балалардың денсаулығы хайптың, манипуляцияның және жалған сенсацияның құралына айналмауы тиіс екенін еске салды.