Құзырлы орган бұл ұсынысты қарастыруға дайын.


Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек көлікке жалған мемлекеттік нөмірлерді таққандарға қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Қылмыстық кодекстің 386-бабы мемлекеттік нөмірлерді қолдан жасау мен оларды сату мәселесін ғана реттейді. Ал жалған мемлекеттік нөмірлерді пайдалану қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болғанына қарамастан, әкімшілік жауапкершілік белгіленеді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабына сәйкес, жалған нөмірді қолданған тұлға 15 АЕК көлемінде айыппұл төлейді. Ол айыппұлды төлеп құтылады. Ал мұндай жағдайлардың салдарынан адамдар қаза тауып жатыр. Егер құқық бұзушылық қайталанса, 20 АЕК айыппұл салынады немесе бір жылға жүргізуші куәлігінен айыру көзделген", – деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.

Депутаттың сөзінше, жол-көлік оқиғаларынан көптеген адам қаза тапты. Бақытжан Базарбек мұндай құқық бұзушылық үшін қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсынып отыр.

Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов мәселенің өзекті екенін жасырмады. Айтуынша, ведомство ұсынысты қылмыстық заңнаманы қайта қарау аясында пысықтайтын болады.