Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.


Қазақстанда есірткі контрабандасына қарсы күрес аясында ірі көлемдегі заңсыз жүк анықталды. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Алматы қаласындағы халықаралық әуежайда 11 келі гашиш майы тәркіленді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жедел іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі өкілдерімен бірлесіп, Бангкок – Алматы бағыты бойынша келген рейсті тексерген. Нәтижесінде 20 жастағы шетел азаматы ұсталды.

Жеке тексеру кезінде күдіктіден жалпы салмағы шамамен 11 килограмм болатын гашиш майы салынған 12 пластикалық ыдыс табылып, тәркіленді.

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 286-бабы (контрабанда) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап мүлкін тәркілей отырып, 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.

Ведомство дерегінше, жыл басынан бері елімізде есірткі контрабандасының 57 фактісі анықталған. Құқық қорғау органдары трансұлттық есірткі трафигінің жолын кесу жұмыстарын жалғастырып жатыр.