Қазақстан Республикасының ҚХР Гонконгтағы Бас консулы Бауыржан Досманбетов "Alibaba Group" төрағасы Джозеф Цаймен кездесті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.


Кездесу барысында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды.

"Alibaba Group" төрағасына цифрлық экономиканы дамытуға және аймақтық жасанды интеллект хабын құруға бағытталған Қазақстанның "Digital Kazakhstan" стратегиясының жүзеге асу барысы туралы ақпаратпен таныстырылды.

Кездесу барысында "Alibaba Group" компаниясына деректер орталықтары, бұлттық қызметтер және жасанды интеллект компаниялары үшін халықаралық хаб болып табылатын "AI Data Center Valley" жобасына қатысу және халықаралық сараптаманы нығайту мақсатында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы жасанды интеллектті дамыту жөніндегі Кеңестің мүшесі болу ұсынылды.

"Alibaba Group" – Қытайдың ең ірі жоғары технологиялық корпорациясы және цифрлық экожүйесі. Ол электрондық коммерция, бұлтты есептеулер, финтех және цифрлық медиа салаларына маманданған. Негізгі платформалары: "Alibaba.com", "Taobao", "Tmall" және "AliExpress". Джозеф Цай – "Alibaba Group" компаниясының негізін қалаушылардың бірі және төрағасы.