Астаналық оқушылар командасы биыл да ел бойынша «Ең үздік олимпиадалық команда» атанды. Биылғы оқу жылында елорда шәкірттері республикалық пән олимпиадасында рекордтық медальға қол жеткізді. Жүлделер қатарында 19 алтын, 17 күміс және 29 қола медаль бар. Бүгін 100-ден астам үздік оқушыға қала әкімінің атынан құрмет көрсетілді. Бас қалада «Елорда дарындары» салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
Елордада үздік оқушылар марапатталды. Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында халықаралық және республикалық олимпиадалардың, ғылыми жобалар байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттаған «Елорда дарындары» салтанатты рәсімі өтті. Жиын Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында ұйымдастырылды.
Жанар Бейсенбаева, «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының директоры:
- Біздің балаларға жылда әкімнің атынан алғысхаттар және қаржылай сертификат беріледі. Биыл осы марапаттау рәсіміне 122 бала қатысып отыр. Жылда осындай шараға енді 100-ден астам бала қатысады.
Астана командасы жыл сайын «Ең үздік олимпиадалық команда» атағын иеленеді. Биылғы оқу жылында 32 мың оқушы түрлі зияткерлік сайыстарға қатысып, 334 медаль жеңіп алды. Бұлардың 41-і халықаралық, 293-і республикалық жарыстардың жүлдесі. Ал 154 бала халықаралық рейтингтік олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 90 медальға ие болды.
Ақарыс Лесбай, Білім-инновация лицейінің оқушысы:
- Біз бүгін марапатталып отырмыз. Бүгін марапаттау рәсімі өткеніне барлығымыз қуаныштымыз. Дарынды балалардың қатарына кірдік. Әкіммен кездесіп, күшті өткен іс-шара болды.
Амина Артықбай, №82 «Дарын» мамандандырылған лицейінің оқушысы:
- Республикадан орын алғандарға Астана қаласының әкімінің атынан сый-сияпаттар және көптеген марапат беріп жатыр. Біз осыған өте қуаныштымыз және болашақта да осылай Астананың атын шығара беруге бар күшімізді саламыз.
Жыл сайын өтетін салтанатты іс-шара дарынды жастарды қолдауды, олардың көшбасшылық және шығармашылық қабілеттерін шыңдауды көздейді. Жиында жүлдегелердің жетістіктері сараланып, есімдері аталды. Сондай-ақ Астана қаласы әкімінің атынан алғысхаттар мен ақшалай сертификаттар табысталды.
Авторы: Нұрқанат Қанапия