Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Францияның Сыртқы сауда істері жөніндегі уәкілетті министрі Лоран Сен-Мартенді қабылдады, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Астана халықаралық форумы аясында Мемлекет басшысы Францияның Сыртқы істер министрлігінің делегат-министірі Лоран Сен-Мартенмен, Франция Ұлттық ассамблеясының халықаралық істер жөніндегі комиссиясының төрағасы Бруно Фукспен және EDF, SUEZ және Sanofi компанияларының басшыларымен кездесу өткізді.
Президент Францияның Қазақстан үшін Еуропалық Одақтағы басты сауда және инвестициялық әріптес екенін атап өтті. Оның айтуынша, соңғы жылдары екіжақты сауда көлемі мен Қазақстанға құйылған француз инвестициялары тұрақты өсіп келеді. Бұл тараптардың экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға деген өзара ұмтылысын көрсетеді. Мемлекет басшысы осындай оң динамиканы сақтаудың маңыздылығына тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін өткен қазақ-француз бизнес-форумының қорытындыларын жоғары бағалады. Форум аясында 17 келісімге қол қойылған. Президент олардың уақтылы және сапалы іске асырылуының маңызын атап өтті.
Кездесу барысында энергетика, атом өнеркәсібі, денсаулық сақтау мен фармацевтика, су ресурстарын басқару және басқа да салалардағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Мемлекет басшысы осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Франция Президенті Эммануэль Макронға сәлем жолдады.
Лоран Сен-Мартен өз сөзінде Астанаға әртүрлі салаларды қамтитын 40-тан астам француз компаниясының басшылары бірге келгенін және олардың Қазақстанмен іскерлік ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті екенін айтты.
2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Франция арасындағы өзара сауда көлемі 5,5 миллиард АҚШ долларына жетіп, 31 пайызға артқан. 2005 жылдан 2024 жылға дейінгі аралықта Қазақстан экономикасына тартылған тікелей француз инвестицияларының көлемі 20 миллиард долларды құраған.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!