Жақында «The Economist» АҚШ пен Еуропада дәстүрлі білім беру форматына қайта оралу үрдісі байқала бастағанын жазды. Кейінгі 10 жылда мектептер мен университеттер сабақ пен бағалауды толық цифрландыруға тырысқан еді. Алайда 2022-2024 жылдар аралығында жазбаша және ауызша емтихандардың үлесі қайта өскен екен, деп жазады Egemen.kz.

«Circea» компаниясының дерегіне сәйкес, 2022-2024 жылдар аралығында АҚШ жоғары оқу орындарында емтиханға арналған дәстүрлі көк дәптерлерді пайдалану екі есе артқан. Сарапшылар бұл өзгерісті генеративті жасанды интеллектінің, әсіресе «ChatGPT» сияқты сервистердің кең таралуымен байланыстырады. «Pew Research Center» сауалнамасында АҚШ-та колледж оқытушыларының 66 пайызы тапсырмаларды осыған байланысты қайта құрастырғанын айтқан. Ал 76 пайызы енді жұмысты қағазға жазуды талап еткен. «EdWeek» зерттеуінде мұғалімдердің 56 пайызы ноутбук, смартфон мен планшетті сабақтағы басты кедергі деп атаған. Тағы 43 пайызы есеп пен жазба жұмысты қағаз-қаламмен орындау академиялық адалдықтың ең сенімді тәсілі екенін жеткізген.

Бірқатар оқу орындары технологияны шектеуге кіріскен. Рутгерс университеті аудиторияда ноутбук қолдануға тыйым салса, кей мектептер «PowerPoint»-тің орнына ауызша презентацияларды енгізген. Нью-Йорктегі «Hunter College High School» информатика сабағында код жазуды білім алушылар есінде жақсы сақтауы үшін дәптерге жазғызуға көшкен.

Бұл құбылыс АҚШ-пен шектелмейді. 2023 жылы Швеция бастауыш сыныптарда цифрлық құрылғыларды азайтып, қағаз оқулықтарды қайта енгізді. Дания мен Финляндия да осындай бағытты ұстанып отыр. Сарапшылар мұны технологиядан бас тарту емес, оқу сапасын арттыруға бағытталған қадам бағалаған.

«The Economist» материалында әлеуметтік айырмашылық та атап өтіледі. «Pew» дерегі бойынша, АҚШ-та афроамерикалық жасөспірімдердің 70 пайызы интернетті «үнемі пайдаланады», ал ақ нәсілділер арасында бұл көрсеткіш 37 пайыз. Яғни технологияға тәуелділік табыс деңгейі мен ортаға байланысты өзгеретінін жазады басылым.