Биыл Құрбан айт 6 маусымда басталды. Діни мереке үш күн тойланады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы материалдық мүмкіндігі бар азаматтарды құрбандық шалып, етін мұқтаж жандарға таратуға шақырды.

Бұл күндері, барынша қайырымдылық жасап, ренжіскен адамдарды кешіру керегін айтты. Сонымен бірге, саудагерлерге әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасына мүмкіндігінше жеңілдік жасауға үндеді. Бұдан бөлек, биыл да тұрғындар құрбандықты онлайн тапсырыс беріп шала алады. Бүгіннен бастап qurban.muftyat.kz сайты іске қосылды. Мүфтият өкілдерінің айтуынша, жылдан-жылға өтінім берушілер көбейіп жатыр.

Наурызбай қажы Тағанұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, бас мүфти:

Өзі бара алмаса құрбандық шалуға, бір кісіге өтініш жасап, құрбандық шалуға болатыны дінімізде рұқсат етілген. Біз өткен жылы Құрбан айт күндері республикалық қайырымдылық акциясын ұйымдастыру үшін арнайы жұмыс штабын құрдық. Нәтижесінде 41 мыңға жуық мал құрбандыққа шалынып, 131 ет қабылдау пунктерінде жиналған құрбандық еті 140 мыңға жуық отбасыға жеткізілді.

Асылбек Данияр