Биыл – белгілі ғалым, профессор, ұстаз, Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Мүштай Батырбекұлының туғанына 100 жыл.

Ұлы Абайдың «Толық адам» ұғымы ұлт руханиятындағы ең асыл өлшемнің бірі. Хакімнің адамның үш қасиеті: «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» дегені тегін емес. Осы үш қасиетті бойына дарытып, туған елінің дамуына барлық саналы ғұмырын арнаған тұлғалар болады. Соның бірі – Мүштай Батырбекұлы.

Ғалым Алматы қаласында өмірге келген. Әкесі ерте дүние­ден озып, анасының тәрбиесін алады. Балалық шағы Алатау етегіндегі әсем шаһарда өтті.

Жасынан елгезек, еңбекқор болып өскен бозбала 1943 жылы өз еркімен әскерге алынып, сұрапыл соғысты бастан өткерді. Майдан даласында қырағы барлаушылығымен көзге түсті. Одан кейін әскери училищеде оқыды. Кремльді күзетті. Әскерде 1950 жылға дейін қызмет етті. Соғыстағы көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз», «Отан соғысы» ор­дені­мен, бірнеше медальмен марапат­талған. Жеңістің 60 жыл­дығында Мәскеудегі әскери шеруге Алматыдан қатысқан төрт майдангердің бірі болды.

Әскердегі қызметі аяқталған­нан кейін туған еліне оралып, сол кездегі Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факуль­тетіне оқуға түсті. Оны тәмамда­ған соң Қазақ тау-кен металлургия институтына (бүгінгі Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ) жұ­­мысқа қабылданды. Мұнда қа­тар­дағы ассистенттен оқу ор­ны­ның проректорына дейінгі қыз­мет жолынан өтті. Мүштай Батыр­бекұлы табан аудармай осы оқу орнында қызмет етіп, алпыс жылға жуық өмірін ғылым мен бі­лімге арнады. Тарих ғылы­мынан кандидаттық диссертация қорғады. Профессор дәре­же­сін алды. Халықаралық ақпарат­тандыру академигі атанды. Ғалым ғылым жолында осын­дай бірталай жетістікке қол жет­­кізді.

Мүштай Батырбекұлы еш­қашан бір саламен шектелген емес. Әсіресе оның отандық жоғары білім құрылымын жетіл­дірудегі еңбегі айрықша. Оқу-тәрбие жұмысын жаңа­ша жүйеледі. Еліміздің сегіз ай­мағынан жоғары оқу орны­ның ашылуына тікелей мұрын­дық болды. Бір сөзбен айтқан­да, жоғары білім саласын дамы­туға зор үлес қосты. Оның жаңа­шыл­дығы, ізденімпаздығы, ұйым­дас­ты­рушылық таланты осы кезде жарқырап көрінді.

Шын мәнінде, ол – ұстанымы берік, әділ, талапшыл ұстаз бол­ды. Студенттер мен жас ма­ман­­­дарды жауапкершілікке бау­­лып, оларға біліммен бірге руха­ни тәрбие берді. Бүгінде ғалымның шәкірттері бір қауым елге айналған. Олардың арасында елімізге танымал ғалымдар, қоғам қайраткерлері, жоғары оқу орнының басшылары бар.

Бір жағынан, Мүштай аға­­­ның қаламы қарамды, ойы ұш­қыр еді. Өмірінің соңына дейін тынымсыз еңбек етті. Қала­­мын қолынан тастаған жоқ. Көзі тірісінде 18 кі­тап пен 320-дан астам ғылым ма­қаласы жария­лан­ған. Тәуелсіздік алған жылдары 9 жинағы жарық көрді. Соның ішінде «Губернатор қадірлеген қазақ» атты кітабын бөлек атауға болады. Мұнда автор өзінің бабасы – әйгілі бағбан Медеу Пұсырманов тура­­лы жазып, бүгінде ұмытылып бара жатқан тарихи тұлғаның есімін қайта жаңғыртты. Қазіргі Алматыдағы атақты «Медеу» мұз айдыны ғалымның туған атасының есіміне қойылған.

Ғалымның өмірінде асыл жары Күмісай Жақсығалиеваның орны ерекше. Ол жоғары білімді кітапханашы еді. Отыз жылдан астам қазіргі Қ.Сәтбаев универ­ситетінде қызмет атқарды. Екеуі тату-тәтті тіршілік кешіп, үш бала тәрбиеледі. Олардан немере сүйді. Бүгінде Мүштай аға мен Күмісай апаның шаңыра­ғынан ізгілік пен білім нұры шашып тұрады.

Сөз басында ұлы Абайдың «Толық адам» ұғымын бекерге алған жоқпыз. Мүш­тай Батыр­бекұлы хакімнің осы ұғымына толық сияды. Ол – соғыста батыр, ғылымда жаңашыл, тәрбиеде қамқор, ұйымдастыруда көре­ген, отбасында үлгілі әке болды. Оның есімі Қ.Сәтбаев уни­вер­ситетінің тарихында алтын әріппен жазылды. Көзі тірісінде Маңғыстау, Атырау, Павлодар, Шығыс Қазақ­стан облыстарындағы универси­теттердің құрметті профессоры атанды. Білім саласындағы еңбегі үшін «Құрмет белгісі» орденімен, «Қазақ КСР Жоғары мектебінің еңбек сіңірген қыз­меткері» және «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен мара­пат­талды.

Алматы қаласы әкімдігінің шешімімен Мүштай Батырбек­ұлының 100 жылдық мерейтойына орай ғалымның Панфилов көшесіндегі тұрған үйіне ескерт­кіш тақта орнатылады. Бұл – айтулы тұлғаға үлкен құрмет деп білеміз.

Маржан НҰРПЕЙІСОВА,

техника ғылымдарының докторы, профессор