Қызылорда облысында ауа райына байланысты шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары баяулап қалды. Қатты желден жеңіл ұшақтар әуеге көтеріле алмай жатыр.
Қарақұм даласында жүрген жұмысшы топтар тек жер агрегаттарымен залалсыздандыруға мәжбүр. Осы жағдайға байланысты шегірткеге қарсы республикалық штаб отырысы өтіп, Аралға қосымша күш тарту мәселесі талқыланды. Мамандар Қызылорда мен Ақтөбе облысының шекара аумағына ерекше басымдық беру керек деп отыр. Ауыл шаруашылығы министрі химиялық өңдеу шараларын жүргізетін мердігерлерге жұмысты ширатуды тапсырды.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
Техника бар, мердігерлер күшейту керек жұмыстарын. Олардан сұраныс қатаң болады. Оны тағы да айтамын. Бірінші күннен бастап ұшақтар болғанда мүмкін мынадай жағдай болмас еді. Енді ұшақ келгеннің өзінде жел болып тұр. Сондықтан жұмысты бақылауда ұстаңыздар.
Жетісу облысының шаруалары да шегіртке тектес зиянкестерден қауіптеніп отыр. Биыл ауа райына байланысты жәндіктер жылдағыдан ерте оянған. Бүгінде өңірде арнайы штаб құрылып, шегірткеге қарсы дәрілеу жұмыстары басталып кетті. Ол үшін 3 әуе ұшағы, 62 бірлік жер үсті бүріккіштері және 204 адам жұмылдырылды.
Жарас Оңдасынов, Аумақтық инспекция басшысының орынбасары:
Айта кетейік, биылғы жыл ерекшеленіп отыр. Шегіртке жаппай бүкіл ауданда бір мезгілде шығып отыр. Әзірге кесірін тигізе қойған жоқ. Енді енді 1 және 2 фактрлер анықталып жатыр. Шаруалардың тастап кеткен бос жерлерден шығып жатыр. Қазіргі таңда бірінші кезекте егістіктердің жанын өңдеп жатырмыз.
Әділбек Серікұлы