Ақтөбенің «Шанхай» ауданындағы гараж секторында түсірілген бейнежазба тұрғындардың үрейін туғызды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы
Кадрларда қаңғыбас иттер ерсілі-қарсылы шауып жүргені, ал дәл сол маңда балалардың ойнап жүргені байқалады. Желіде тараған видеоны жариялаған тұрғын жағдайдың қауіпті екенін айтып, билік пен коммуналдық қызметтерден шұғыл шара қолдануды сұраған.
«Бұл аумақ гараждар мен қоқыс контейнерлерінің маңында орналасқан. Иттер қараусыз жүр, ал ол жерде балалар ойнап жүр. Бұл — өте қауіпті», – деп жазды автор.
Алайда жазба астындағы пікірлер екіге бөлінді. Бір тарап — балалардың қауіпсіздігі үшін алаңдаса, екіншісі — иттерді қорғауды талап етті. Кейбір қолданушылар «балалар неге гараж аралап, қоқыс маңында ойнайды, ойын алаңдары неге жоқ?» деп әкімдікті сынға алды. Тағы бірі: «Біз бала кезде де гараж аралап жүретінбіз, бірақ иттерге тас лақтырған емеспіз. Қазір бәрін өлтірумен шешкісі келеді», – деп пікір қалдырды. Кей азаматтар керісінше, «иттер адамдарға қауіп төндіреді, оларды уақытылы ұстап, арнайы орынға апару керек» деп есептейді. Қазір тұрғындар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қаңғыбас иттерге қатысты нақты шаралар қабылдауды сұрап отыр.