16 қыркүйектен бастап елде сталкинг фактілері бойынша Атырау және Павлодар облыстарында екі қылмыстық іс тіркелген.

2025 жылдың 14 қазанында Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Қылмыстық кодекске енгізілген жаңа баптар бойынша алғашқы қылмыстық істер қозғалғанын хабарлады, деп жазады Zakon.kz.

Қадағалаушы органда атап өткендей, елде сталкинг (Қылмыстық кодекстің 115-1-бабы) және некеге мәжбүрлеу (125-1-бап) үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілген.

«Сталкинг — зорлық-зомбылықсыз адамның заңсыз қудалануы. Бұл әрекетте күш қолдану белгілері болмағандықтан, сталкинг қылмыстық теріс қылықтар санатына жатқызылды. Бұл бап әлеуетті құрбандарды физикалық қысым немесе тікелей қауіп төндірмей-ақ қудалаудан қорғауға бағытталған», – деп түсіндірді Бас прокуратурада.

16 қыркүйектен бастап елде сталкинг фактілері бойынша Атырау және Павлодар облыстарында екі қылмыстық іс тіркелген.

Бұл әрекет үшін 200 айлық есептік көрсеткішке дейін (шамамен 786 мың теңге) айыппұл, сондай-ақ 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, осындай мөлшерде түзету жұмыстары немесе 50 тәулікке дейін қамау жазасы қарастырылған.

Сондай-ақ, некеге мәжбүрлеу, яғни қызды ұрлап, күш қолдану қаупімен некеге отырғызуға мәжбүрлеу үшін де қылмыстық жауапкершілік белгіленген.

Мұндай жағдайда айыпталушыға 2000 АЕК-ке дейін (7,8 млн теңге) айыппұл, екі жылға дейін бас бостандығынан шектеу немесе айыру жазасы қолданылады. Егер әрекет абайсызда ауыр салдарға әкелсе, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.

Алғашқы істер Шымкент қаласы мен Қызылорда облысында тіркелген.

«Айта кетерлігі, екі жағдайда да жәбірленушілер – кәмелетке толмағандар», – деп атап өтті Бас прокуратурада.

Қазіргі уақытта істер бойынша тергеу жүргізілуде және олар прокуратура органдарының бақылауында.

2025 жылдың 13 қазанында ішкі істер министрі Ержан Сәденов зорлық-зомбылық пен қыз ұрлауға үндейтін әндерге құқықтық баға беру қажеттігін атап өткен болатын.