Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде Қазақстан халқы Ассамблеясының озық тәжірибесі мен жетістігі таныстырылды, деп хабарлайды 24kz.

Іс-шара бірегей институттың құрылғанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Оған Қазақстан дипломаттары ұйытқы болған.

Бейбітшілік пен келісім, отыз жылдағы озық үлгі. ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде Қазақстан халқы Ассамблеясының осы бағыттағы кәсіби тәжірибесі талқыланды. ЮНЕСКО-ның білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы жастар бастамасын қолдау мәселелері бойынша Қазақстанмен ынтымақтастық орнатуға ниетті екенін жеткізді.

Линда Тинио-ле Дуарин, ЮНЕСКО-ның Инклюзия, құқық және мәдениетаралық диалог бойынша бөлім басшысының орынбасары:

- Қазақстан халқы Ассамблеясы – біз үшін өте маңызды институт. Олар жоғары деңгейде ауқымды жұмыстарды жүзеге асырып отыр. Ал ЮНЕСКО бұл бағдарламаларды кеңінен насихаттап, Қазақстандағы жастардың бастамасымен іске асырылған озық тәжірибені көрсету үшін серіктес болады. Біз осы бағытта тығыз жұмыс істеп, өзге елдерге жақсы үлгі көрсетуге мүдделіміз.

Марат Әзілханов, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары:

- ЮНЕСКО-ның тарапынан біздің Ассамблеяның жұмысына үлкен қызығушылық танытты. Және біздің Қазақстандағы тәжірибені де кең көлемде басқа елдерге дәріптеу жөнінде әңгіме болды. Сонымен қатар ЮНЕСКО-ның көптеген жобалары оның ішінде жастарды дамыту, жастардың жобалары, оның ішінде грант арқылы іске асырылатын мастер-класстар.

Көпмәдениетті Қазақстан инклюзивті әрі үйлесімді қоғамның үлгісі бола алады. ЮНЕСКО бас директорының орынбасары Лидия Брито осылай дейді. Бұлай деуіне негіз бар. Өйткені Ассамблеяның жастарды қолдаудағы озық тәжірибесімен танысу үшін ЮНЕСКО өкілдері ғана емес, көп елдің кәсіби дипломаттары да қатысты.

Уламбаяр Нямхуу, Франциядағы Моңғолия елшісі:

- Моңғолия мен Қазақстан біраз салада тәжірибе алмаса алады. Азаматтық қоғам, институттарымызда ортақ ұқсастық бар. Мен осы бағытта Қазақстанның озық үлгісімен танысқаныма қуаныштымын.

Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар қанатының 12 мыңдай мүшесі бар. Олар институттың грант, білім беру бағдарламалары мен қоғамдық бастамалары аясында жан-жақты дамуға мүмкіндік алып отыр. Бұл жүйе жақында ЮНЕСКО жобаларымен үйлестіріледі.

Тимур Жұмырбаев, «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

- Ассамблея жастарын ЮНЕСКО-ның әлемдік жастар қауымдастығына қабылдау аяқталып қалды. Бұл ынтымақтастық Қазақстанды осы халықаралық алаңда таныстыруға және біздің жастарды әлемдік жобаларға қосуға жол ашады. Сондықтан біз ЮНЕСКО-мен бірлескен жұмысымыздың жемісті әрі нәтижелі болғанын қалаймыз.

Даниэль Джеймс, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі:

- Африкалық этномәдени орталығы Қазақстанда бар, оның ішінде 300-ден аса афролық бар. Біздің мәдениетімізді сақтау және де көрсетуге мүмкіндігі бар. Ол, әрине, Ассамблея арқылы. Ассамблея біз үшін үлкен мүмкіндіктер береді. ЮНЕСКО-ның тәжірибесі мол. Біз көріп отырмыз ғой, Париж қаласында қаншама ұлт өкілдері бар. Барлығы бейбіт өмір сүруде. Осындай тәжірибемен айналыссақ, жоғары деңгейге шығамыз.

Қазақстан халқы Ассамблеясының делегациясы табысты жобаларын өз дипломаттарымызға да таныстырды. Триумфалды арканың түбінде бір шаңырақ астына жиналған түрлі диаспора өкілдері Ассамблеяның келешегі мен халықаралық деңгейдегі жұмыс жоспары туралы ойларымен бөлісті.

Авторлары: Әсия Нұрлыбаева, Алия Сыздыкова