Премьер-министр Олжас Бектенов Алматы қаласының активіне шаһардың жаңа басшысы Дархан Сатыбалдыны таныстырды .
Ашық дауыс беру қорытындысы бойынша 32 депутаттың 23-і Дархан Сатыбалдының кандидатурасына дауыс берген. Қала активімен кездесуде Премьер-министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Ерболат Досаевқа қаланың қаржы-экономикалық әлеуетін дамыту жөніндегі белсенді жұмысы үшін алғысын білдірді. Былтыр қаланың жалпы ішкі өнімге қосқан үлесі 21,8%-ға өсті. Мегаполисте Президент тапсырмасымен бюджетті орталықсыздандыру, абаттандыру, жаңа әлеуметтік нысандар салу сынды жұмыстар жүргізілуде. Олжас Бектенов Мемлекет басшысының Алматы әкімдігіне шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету, экономика құрылымын әртараптандыру, инженерлік инфрақұрылымды одан әрі жаңғырту және қоғамдық кеңістіктерді кеңейту бойынша бірқатар міндеттер қойылғанын атап өтті. Сондай-ақ жол-көлік жүйесі, экология, өңдеу өнеркәсібі, туризм, IT-сектор, креативті индустрия саласы бойынша да тапсырмалар берілді.