Қоғам қауіпсіздігі – кез келген мемлекеттің тұрақтылығы мен дамуының негізгі тіректерінің бірі. Бұл ұғым азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, тыныш әрі бейбіт өмір сүруін қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар ел ішіндегі діни, мәдени және идеологиялық тепе-теңдікті сақтаумен де тығыз байланысты .
Еліміз бүгінгі таңда осы бағытта ауқымды әрі жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Соның ішінде жуырда қабылданған қоғамдық орындарда бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киім-кешек киюге тыйым салатын заң – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадамның бірі.
Қабылданған заңнамада қоғамдық орындарда адамның бет-әлпетін тануға кедергі келтіретін киім түрлерін (мысалы, ниқаб, бурка) киіп жүруге тыйым салынды. Бұл шешім қоғамда түрлі пікір туғызғанымен, оның негізгі мақсаты қоғамдық қауіпсіздікті күшейту әрі экстремизмнің алдын алу екені анық.
Қазіргі таңда бет-жүзді тану жүйелері қауіпсіздікті қамтамасыз етудің заманауи тәсілі болып отыр. Мұндай технологиялар қауіп төнген кезде ғана емес, күнделікті өмірде де құқықбұзушылықтың алдын алуға сеп болады. Ал адамның тұлғасын анықтауға кедергі келтіретін киім түрлері құқық қорғау органдарының жұмысын қиындатып, қауіп-қатерді арттыра түседі. Сондықтан бұл заң қоғамды ашық әрі сенімді етуге бағытталған және ешбір діннің өзегіне қарсы келмейді.
Қазақстан – зайырлы мемлекет. Алайда бұл ұстаным дінді жоққа шығару емес, керісінше, барлық дінге бейтарап қарап, олардың еркін дамуына мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда елімізде 3 500-ден аса діни бірлестік ресми тіркеліп, қызмет етіп келеді. Олардың басым бөлігі – ислам дінін ұстанатындар. Осы орайда еліміз үшін маңызды міндет – діни тұрақтылықты сақтау және деструктивті діни ағымдардың алдын алу.
Алайда кейінгі жылдары интернет пен әлеуметтік желілер арқылы түрлі радикалды ағымның идеологиясы жастар арасында таралып жатыр. Олар көбіне дәстүрлі исламды жоққа шығарып, қоғамға жат көзқарастарды енгізуге тырысады. Мұндай ағымдар тек діни емес, сонымен қатар әлеуметтік және ұлттық бірлікке де қауіп төндіреді. Бұл жағдай ұлттық қауіпсіздікке де әсер етеді.
Қазақ халқы ғасырлар бойы ислам дінін өзінің салт-дәстүрімен, тұрмыс-тіршілігімен сабақтастырып ұстанып келді. Бұл – ханафи мәзһабы мен Матуриди сенім мектебі негізіндегі дәстүрлі ислам жолы. Аталған бағыт бейбітшілік пен төзімділікті, үлкенге құрмет пен кішіге ізеттілікті дәріптейді. Дәстүрлі ислам – қазақы болмыспен толық үйлескен, дін мен дәстүрді қатар ұстануға мүмкіндік беретін жүйе.
Бұған қарсы бүлдіргі ағымдар қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан дүниетанымын жоққа шығарып, салт-дәстүрімізді бидғат деп есептейді. Олар жастарды отбасынан, қоғамнан, ата-баба аманатынан алыстатуға тырысады. Мұндай идеология – ұлттық тұтастыққа қарсы әрекет. Сондықтан қоғамымызда дәстүрлі ислам құндылықтарын насихаттау – бүгінгінің басты міндеттерінің бірі.
Қазақтың ұлттық дүниетанымы мен салт-дәстүрі – қоғамның рухани тірегі. Тіл, музыка, ұлттық киім, отбасылық тәрбие, жеті ата ұғымы – мұның барлығы қоғам ішіндегі тұрақтылық пен бірлікті нығайтады. Деструктивті діни ағымдар осы рухани өзекті жоюға ұмтылады. Сондықтан ұлттық құндылықтар мен дәстүрді сақтау – мәдениетті қорғау емес, сонымен қатар қоғамдық қауіпсіздікті нығайтудың тиімді тетігі.
Мемлекет тарапынан ұлттық тәрбие мен отбасылық құндылықтарға негізделген идеологиялық саясаттың жүргізілуі – өте орынды әрі уақыт талабы. Өйткені отансүйгіш, мәдениет пен дінді қатар ұстанатын азаматтар – қоғам қауіпсіздігінің басты тірегі.
Қоғамдық қауіпсіздікті сақтау – тек заң органдарының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Ол үшін діни тұрақтылықты қамтамасыз етіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жастарды теріс идеологиядан қорғау, сондай-ақ заманауи қауіпсіздік талаптарына сай заңнамалар қабылдау қажет. Жуырда қабылданған бет-әлпетті жасыратын киімдерге қатысты заң – осы бағыттағы маңызды қадам. Дәстүрлі ислам мен қазақы салт-сананы ұштастыра отырып, біз бірлік пен бейбітшілікті сақтауымыз қажет. Себебі қауіпсіз қоғам – жарқын болашақтың негізі.
Нұрсұлтан ЖАНШИН,
дінтанушы