Бүгінгі таңда елімізде дамуында ерекшілігі бар балалар, әсіресе тілі кеш шығатын, аутизм, ЗПРР, ЗРРcынды диагнозы бар бүлдіршіндер жиі кездесетін болған.
Мамандардың пікірінше, жеткіншектердің мұндай диагнозға шалдығуына гаджетті шамадан тыс қолдану, тағамдардың құнарсыздығы, экология және т.б. факторлар әсер етуде. Осы орайда Caravan.kz тілшісі логопед-дефектолог, 18 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі маман, қазақ тіліндегі логопедиялық альбом авторы Әсел Берікқызымен тілдесіп көрді.
— Әсел Берікқызы, алдымен уақыт тауып, сұхбат бергеніңізге алғыс айтқымыз келіп отыр. Сұхбатымызды бастамас бұрын, оқырмандарға өзіңізді таныстырып өтсеңіз? Толық аты-жөніңізді, қай ЖОО-нын бітірдіңіз? Жалпы логопедия саласында қанша жылдан бері еңбек етіп келесіз?
Мен Талдықорғандағы Жетісу мемлекеттік университетінің түлегімін. 2007 жылы “Дефектология” мамандығы бойынша тәмамдадым. Оқудан соң 2007-2009 жылдар аралығында Облыстық психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінде дефектолог маманы болып қызмет атқардым. 2009 жылдан 2023 жылға дейін Ұлттық балаларды оңалту орталығында логопед маманы болып жұмыс істедім. Қазіргі таңда жеке практикада “Шаг вперед” түзету орталығында, логопед-дефектолог, миологопед маманымын. Оқу бітіргелі тек осы салада жұмыс істеп жүргеніме биыл 18 жыл толыпты.
— Осыдан 10-15 жыл бұрын логопедия саласы елімізде аса танымал болмады. Қазіргі таңда көптеген жеткіншектерді логопед-дефегтологтарға апарып, тек білікті мамандардың көмегімен тіл шығару, олардың зейінін дамыту жағдайлары көбейген. Маман ретінде, оның себебі неде деп ойлайсыз?
Бұл мәселе бойынша көптеген факторлар себеп бола алады. Менің ойымша, біріншіден ана денсаулығы маңызды және қоршаған орта, экология, тағамдардың сапасы, құнарлылығының төмендеп кетуі – міне осының барлығы бала дамуына кері әсерін тигізуі мүмкін.
Сосын тағы бір себеп бала дүниеге келісімен, ананың да, балалардың да гаджеттен бас көтермей отыруы себеп деп ойлаймын. Бала дұрыс дамып, қоршаған әлемді танып білу үшін, біріншіден ананың назары, жеткілікті сенсорлы қоздырғыштары болуы керек. Сосын соңғы жылдары баланы шамадан тыс өбектеу, яғни «гиперопека» да бала дамуына өз зиянын тигізуі әбден мүмкін. Мен мұндай балаларды “стерильный балалар” деп атаймын. Баланың өзі, киімі тап-таза болсын деп, қолына қасық түгілі тағамды да ұстатпайтын ата-аналар бар. Бұл балалардың ептілігін, сөйлеу тілінің дамуына кері әсерін тігізетінфакторлар. Яғни, баласы үшін барлығын өздері орындайтын ата-аналар, өз балаларына зиянын тигізіп жатқанын білмей жатыр. Ата-аналар баласын жетектеп жүруге ерініп, үнемі бала арбасы, машинадан түспейтін, жүруге ерінетін, мінез-құлқында, сөйлеу тілінде қиындықтары бар балаларды жиі көріп жүрміз. Ата-аналарға айтатын басты кеңесім: қимыл-қозғалыс белсенділігін арттыру, гаджеттер мен ТВ-ны барынша қолданбауға шақыру.

— Жалпы, бүлдіршіндерді логопед маманға әкелудің қандай пайдасы бар? Логопедия баланың дамуына қалай әсер етеді?
Мен ата-аналарға балаларын 6 айдан бастап логопедтің кеңесіне жазылуға кеңес берер едім. Себебі сөйлеуінде кешеуілдеу барын осы уақытта байқауға болады. Алты айлық бала, өз атына назар аударып, алғаш рет былдырлап сөйлей бастайды. Қарапайым ойыншықты бір қолынан екінші қолына салудың өзі бала дамуы уақтылы келе жатқанын көрсетеді. Егер маман кешеуілдеуді байқаса, кеңестер беру арқылы біраз жағымсыз дүниелердің бетін қайтарар еді. Ал 1 жаста міндетті түрде логопедтің кеңесін алса екен деймін. Бірақ бұл менің жеке ойым, мұнымен келісетіндер де, келіспейтіндер де бар шығар. Жалпы, сөйлеу тілі кешеуілдеп жатқан балалардың артуына байланысты, ерте жас диагностикасының пайдасы зор.
— Солардың ішінде миокорреция әдісі де бар. Бұл тәсілдің ерекшелігі неде? Ол жеткіншектерге не береді?
Миокоррекция немесе миофункционалды коррекция деп те аталады, біздің елімізде жас, соңғы 3-4 жылда енді дамып келе жатқан логопедияның бір саласы. Батыс елдерінде, Америкада бұл салаға 70 жыл толып кеткен. Бұл сала — менің қазір аса қызығушылықпен жұмыс істеп, ізденіп жүрген салаларымның бірі. Негізі логопедия саласы медицинамен, оның ішінде неврологиямен тығыз байланыста болса, ал миокоррекция ортодонтиямен тығыз байланыста. Миофункционалды түзету — ол логопедия мен ортодонтияда бет-жақ, тіл бұлшықеттерінің жұмысын түзететін әдіс. Демек, дұрыс тістемнің (прикустың) қалыптасуына тікелей әсер ететін дұрыс тыныстау, дұрыс жұту, дұрыс шайнау функцияларын түзеуге бағытталған. Миокоррекция — ол денсаулық жайлы ілім деп те айтса болады. Қарапайым тілмен айтқанда, онымен ерте жастан бастап айналыссаңыз, балаңызды брекет тағудан сақтайтын ілім. Яғни, брекеттің көмегінсіз, балаңызға әдемі бет-әлпет сыйлауға болады. Миокоррекция тек балаларға ғана бағытталған ілім емес, ол ортодонтиялық емде де пайдаланылады (брекет тағатын ересектер), демек адамдар оның көмегіне жүгіне алады. Ол брекетті шешкен соң, көпшілігінде, тістері қайта қисайып, рецидивтер болып жатады. Сол жайтты болдырмауға бағытталған терапия.

— Жалпы, елімізде инклюзивті білім беру саласына маман ретінде қандай баға берер едіңіз? Осы орайда, мамандарды даярлау жағы қалай?
Инклюзивті білім беруге оқу ағарту министірлігі көп көңіл бөліп, көптеген іс-шаралар өткізіп жатыр. Жылда семинар, конференция, мастер-класстар ұйымдастырылып жатыр. Бірақ әлі де кем-кетік тұстары да бар деп ойлаймын. Мен жиі ата-аналармен тілдесетін болғандықтан, олар мектепте тютерлердің, мамандардың жетіспеушілігіне шағымданады. Маманмен сабақ жиілігіне риза емес, аптасына 2 рет, 15-20 минуттық сабақ әрине сөйлеу тілінде күрделі бұзылысы бар балаға аздық етеді. Сондықтан жиі ақылы сабақтарға жүгінуге мәжбүр.
Жалпы мамандарды даярлау жағына келсек, дефектология мамандығы Қазақстанның санаулы оқу орындарында бар. Еліміздің бас қаласы Астанада ешбір жоғарғы оқу орнында бұл мамандық мүлдем жоқ. Астана бойынша айтайын, бір балабақшаға 1-2 логопед ғана беріледі. Ал қазір бір топта балалардың кем дегенде жартысында сөйлеуінде қандай да бір мәселелері бар. Балабақшада неше топ болатынын білмеймін, бірақ бір топқа бір логопедтің өзі артық болмайды. Мектепте те дәл сондай мәселе. Көмекті қажет ететін бала саны көп, маман тапшы.
Осы орайда, айтқым келгені, Қазақстан Республикасының арнайы педагогтарының ұлттық қауымдастығының ұйымдастырылумен оқу ағарту министрлігінің қолдауымен 2025 жылдың 19-20 қыркүйегінде “Инклюзия без границ” Халықаралақ ғылыми-практикалық конференция өтеді. Конференция аясында ТМД, алыс жақын шет елден келген білікті спикерлердің қатысуы, тәжірибелі мамандардан мастер-класстар болады деп күтіліп отыр.

— Ата-аналардың көпшілігі қазір балаларында ЗПРР, ЗРР, СДВГ сияқты диагноз көп деп шағымданып жатады. Елімізде осындай балалардың көбеюіне балаларға гаджетті шамадан тыс беру әсер етті деп ойлайсыз ба?
Әрине деп айтар едім. Экрандағы бейнелердің жылдам ауысуы, бала зейінін тек экранда ұстауға мәжбүрлейді, себебі қоршаған әлемдегі, табиғаттағы өзгерістер бала үшін жай темпте, сол себепті айналадағы ешбір дүние қызықтырмайды, баланың танымдық белсенділігі төмендейді, дамымайды.
— Тілдің кеш шығуы, баланың зейінінінің дұрыс дамуы үшін, ата-аналарға логопед ретінде қандай кеңестер айтар едіңіз?
Біріншіден, ата-аналар да гаджеттен көз көтерсе екен деймін. Жиі өз тыныштығы мен комфорты үшін кіп-кішкентай балаларына жеке телефон, планшет алып беретіндері де бар. Сосын, неге менің балам агрессивті, жылауық, мазасыз, ешкіммен қарым-қатынасқа түспейді деген сұрақтар туындайды.
Бала сіздің көңіліңіз бен назарыңызды қажет етеді. Жиі тілдесіңіз, жеткілікті физикалық жүктемежасаңыз. Ол дегеніміз жиі жаяу жүру, жүгіру, секіру, таза ауада жиі серуендеу, әлемді танып білуге мүмкіндік жасау. Бала өзін қоршаған заттарды ұстап, сипап-сезіп дамиды.
Маман ретінде жаңа босанған аналарға балаларыңызды құндақтаңыздар деп айтар едім, себебі перинаталды орталықтарда (роддомдарда) бос жіберіңіздер, ормаңыздар деп жатады. Біздің уақытылы сөйлеуіміз толық сенсорлы жүйемізге байланысты. Ал сол сенсорлы жүйенің дұрыс қалыптасып дамуына, ата-бабамыздан қалған құдақтау мен бесіктің маңызы орасан зор!
Әңгімеңізге рахмет!