Маңғыстау энергокомбинатында №2 энергоблок іске қосылды .

Осыған байланысты өнеркәсіптік нысандарды электр қуатымен жабдықтаудың уақытша шектеулері, кезең-кезеңімен жойылады. Еске сала кетейік, Ақтау қаласында №3 энергия блогы ажыратылған болатын. Одан өңірдегі жеке тұтынушылар зардап шеккен жоқ. Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай кәсіпорынға барып, жағдайды бақылауына алды.

Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты аймақтың электр желісіне үш жүз елу жеті мегаватт жеткізеді. Қалыпты режимде екі қуат блогы жұмыс істейді, біреуі резервте немесе жөндеуде болады. Технологиялық ақау үшінші блокта болған. Оның ішіндегі температура өте жоғары. Сондықтан оны жөндеу келесі апта басталады.

Кеңес Орақов, "МАЭК" ЖШС бас директоры:

- Ол 500 градус, оны енді күтеміз понедельникке дейін. Сол главный масленный насосты ашамыз, қараймыз, соның причинасын білеміз. Қазіргі МАЭК беріп жатқаны 357 мегаватт, оны 12 мегаватт беріп жатқан 1-ТЭЦ, 216 мегаватт беріп жатқан 2-ТЭЦ, 129 мегаватт беріп жатқан ТЭЦ. Сол системаға беріп жатқан мощность қазіргі күнге.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай штаттан тыс жағдай туралы хабарлағаннан кейін атом энергетикалық комбинатқа барды. Ол жабдықты қарап, мамандармен кездесті. Қуат тапшылығын толықтыру үшін сынақ режимінде күрделі жөндеуден №2 энергия блогы шығарылды.

Нұрдәулет Қилыбай, Маңғыстау облысының әкімі:

- Бүгін таңертең жөндеу жұмыстарын аяқтап, бүгін таңертең іске қостық. Тест режимде анау аппаратпен тексеріп отырмыз. Жаңаөзен қаласында, Ақтау қаласында МАЭК тарапынан шектеу жоқ.

Энергия комбинатындағы істен шыққан бөлшектерді жақын күндері шұғыл ауыстыру жоспарланып отыр. Билік комбинаттағы жағдай қаладағы электр қуатының үзілуіне байланысты емес екенін атап өтті. Үш энергоблокты толық жаңғырту үшін жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу басталды. Бұл өңірді тұрақты әрі үздіксіз энергиямен жабдықтауға мүмкіндік береді.

Достық Талғатұлы, Тамара Степанова, Саламат Бекбаев