Шымкентте күннің қатты ысуына байланысты электр желілеріне түсетін жүктемені азайтуға тура келді. Өйткені аптап ыстықтан тұрғындардың электр қуатына деген сұранысы сағатына 350 мегаваттан 459 мегаватқа дейін артқан.

Апаттың алдын алу үшін жылу электр орталығындағы турбогенераторды бірнеше рет уақытша тоқтатуға тура келді. Салаға жауаптылардың сөзінше, сынап бағанасы 40 градустан жоғарылаған күндері 10 мегаватқа дейінгі шектеу қайта енгізіледі. Электр қуатын азайту желілерді жаңарту жұмыстарына да байланысты болып отыр. Бүгінгі таңда қаладағы қуат тасымалдау жүйелерінің 57 пайызы тозған. Осыған байланысты кесте түзіліп, жөндеу жүріп жатқан аудандарда ішінара жарық сөндірілуде.

Сәрсен Құранбек, қала әкімінің орынбасары:

2025 жылы 9,5 шақырым электр желісі, 33 дана электр трасформаторы, 4 дана қосалқы станциялар жаңғыртылып, 3 шақырымға жуық ВЛ-35 килловатт электр желісі жүргізіледі. Нәтижесінде тозу деңгейі 57 пайыздан 56,4 пайызға дейін төмендейді.

Ғани Қалмаханов