Қазақстан Түркияға қашқын "Астана LRT" компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Арданды экстрадициялау туралы ресми сұрау жолдады, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Бас прокуратураға сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, Арданға "Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету" және "Қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған. Оған бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу санкциясы беріліп, Ардан халықаралық іздеуде жүрген.
2025 жылғы 10 мамырда Интерпол желісі арқылы Талғат Арданның Түркияның Анталия қаласында ұсталып, қамауға алынғаны туралы ресми ақпарат келіп түскен.
"Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Ардан Т.Н.-ны экстрадициялау үшін барлық қажетті құжаттарды Түркия Республикасының құзырлы органдарына жолдады. Қазір Түркия тарапы бұл сұрақты қарастырып жатыр", – делінген Бас прокуратураның жауабында.
Еске салайық, 2025 жылғы 13 мамырда Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Талғат Арданның Анталияда ұсталғанын растаған болатын. Онда Қазақстан Бас прокуратурасының Түркия Әділет министрлігіне Арданды экстрадициялау туралы сұранысты алғаш 2019 жылы жібергені айтылды. Осыған орай Түркияның құзырлы органдары іздестіру шараларын жүргізген.
"Осы жылы ҰҚК Арданның нақты орналасқан жерін анықтады. Кейін Түркияның құқық қорғау органдары оны Анталияда ұстады. 9 мамырда Анталия соты оны Қазақстанға депортациялау туралы шешім шығарды. Қазір Ардан қамауда", – делінген ҰҚК мәлімдемесінде.
Ардан кім?
Ол 2014–2017 жылдар аралығында "Астана LRT" компаниясын басқарған.
2023 жылдың мамырында Астананың мамандандырылған қылмыстық соты Ардан мен оның әріптесі Қанат Сұлтанбековке сырттай үкім шығарды.
Тергеу нұсқасы бойынша, бұл қылмыстық схеманы Ардан мен Астана қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Сұлтанбеков шетелдік және отандық компаниялардың көмегімен ұйымдастырған.
Талғат Ардан 6 жыл бойы халықаралық іздеуде болды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!