Кейінгі уақытта Жамбыл өңірінде бірнеше инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Біршама уақыт бұрын Байзақ ауданына қарасты Үлгілі ауылында шыңдалған шыны шығаратын кәсіпорын жұмысын бастаса, енді Диқан ауылында заманауи кірпіш зауыты іске қосылды .
Жаңа өндіріс ошағының ашылу салтанатына қатысқан өңір басшысы Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, күйдірілген кірпіш шығаратын зауыттың әлеуеті зор. Кәсіпорын басшылығы бірінші кезекте өңірге келетін импорт көлемін азайтуға ден қойып отыр. Инвестициялық жобаның жүзеге асуына жергілікті кәсіпкер Берік Жүсіпов бастамашы болған екен. Одан өзге де бірнеше инвестор кәсіпорын жұмысын жетілдіру үшін қаржы құйып, зауыт құрылысын жеделдетуге атсалысқан.
«Зауыт толықтай автоматтандырылған. Мұндағы жаңа технологиялар өндіріс тиімділігін арттырып, өнім сапасын жоғары деңгейде сақтауға мүмкіндік береді. Кәсіпорын жергілікті нарықта импорт көлемін айтарлықтай азайтып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор әсер етпек. Жобаны іске асырған «Ескермес» кәсіпкерлігінің жетекшісі Берік Жүсіповке зор алғыс айтамын. Мұнда өндіріліп күйдірілген кірпіш өңір брендіне айналады деген сенім зор. Заманауи зауыттың іске қосылуы өңір үшін зор қуаныш екені даусыз. Кәсіпорын жұмысы сәтті болсын», деді облыс басшысы.
Ресми дерекке жүгінсек, жаңа жобаны іске асыру үшін 2,5 млрд теңге инвестиция салыныпты. Жергілікті кәсіпкер Берік Жүсіпов 1 млрд теңге қаражатты өзі құйса, қалған 1,5 млрд теңгені басқа инвесторлар салған. Кәсіпорын еліміздегі тұңғыш автоматтандырылған кірпіш зауыты екенін айта кеткен жөн.
Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, зауытқа қажетті құрылғылар көршілес Қытай Халық Республикасынан сатып алынған. Өндіріс ошағы жылына 36 млн дана кіршіп өндіруге қауқарлы.
«Жаңадан ашылған зауыттағы жұмыс айтарлықтай қиын емес. Өйткені өндіріс ошағы уақыт сұранысына сай жаңа технологиямен қамтылған. Бұл өз кезегінде кәсіпорын қызметкерлерінің жұмысты жүйелі түрде атқаруына мүмкіндік береді. Біздің өнім еліміздің әр қиырындағы құрылыс жұмыстарына пайдаланылады деп сенеміз. Ең бастысы, жұмысшылардың ойдағыдай, алаңсыз жұмыс істеуіне барлық жағдай қарастырылғаны көңіл қуантады. Енді зауыт қызметкерлері тек сапалы өнім шығаруға ден қоятыны даусыз», дейді жаңа кәсіпорынның кран жүргізушісі Рамазан Алшораз.
Мамандардың айтуынша, күйдірілген кірпіш шығаратын зауыт жұмысы бір жүйеге негізделген. Алдымен топырақ, су және көмір арнайы құрылғыда араластырылады. Шамалы уақыттан соң қоспалар тығыздалып, кірпіштің пішініне келтіріледі. Бұдан соң өнім арнайы пешке салынып, 400 градус ыстықта кептіріледі. Кейін 800 градус температурада күйдіріледі. Дайын болған кірпіштерді арнайы роботтар жинап сұрыптайды. Әзірленген өнім еліміздің барлық қиырын қамтып қана қоймай, көршілес елдерге экспортқа шығарылмақ.
Өңір басшысы Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, биыл 115 млн доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тарту жоспарланған. Ал былтыр жалпы құны 214 млрд теңгені құрайтын 35 инвестициялық жоба іске қосылып, 1 500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылыпты. 2025–2028 жылдар аралығында жалпы сомасы 2,5 трлн теңгені құрайтын 62 жобаны іске қосу көзделген. Нәтижесінде, 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылмақ.
Жамбыл облысы,
Байзақ ауданы,
Диқан ауылы