Ертеректе ағайын арасы жақын, көрші-қолаң аралас-құралас тұрған заманда төрдегі үлкен кісілеріміздің қабағы ашық, көңілі сергек отырушы еді. Келімді-кетімді кісі аяғы толастамайтындықтан, жалғыздық дегенді сезіне қоймайтын. Ауыл іргесі сөгіліп, халықтың дені қонысын қалаға ауыстырған соң, жағдай өзгерді. Балалары жұмысбасты, ағайын арасы алыс, замандасы сиреп қалған кейбір қария көппәтерлі үйдің ең жоғарғы қабатында ұзақ күн жалғыз отырып қалатыны да рас. Мамандар адам өмірінің қысқаруына да осы жалғыздық себеп болатынын айтады. Демек қала тұрмысы көп отбасының тарихында бұрын-соңды болмаған жаңа бір қажеттілікті туындатып отыр. Гериатриялық орталық осы қажеттілікті өтеп отырған мекеме.
Қостанайдағы «Sun Vita» гериатриялық орталығы арнайы күтімді қажет ететін қарт кісілерді қанатының астына алып, қамқорлық жасап отыр. Мұнда әртүрлі созылмалы науқасы, мүгедектігі бар, отырып-тұруы қиын отызға жуық адам тұрып жатыр. Олардың біразы көптен бері осы орталықты паналап келеді. Он-он бес күн немесе бір-екі ай, уақытша жатып кететіндер де көп.
Біз орталыққа кіріп бара жатқанда әкесін алып шығып келе жатқан Ләззат есімді келіншекпен танысып, аз-кем тілдесіп қалдық. Әкесі осыдан 2-3 жыл бұрын инсульт алып, төсек тартып жатып қалған жалғызбасты әйел науқасқа қарайтын өзінен басқа ешкім болмаған соң, амалсыз жұмыстан шығуына тура келеді. Содан бері үйінде кісі күтімінде отыр. Алайда Астана, Қарағанды жақтағы туыстарына барарда жылына бір-екі рет осы орталыққа әкеліп 15-20 күнге тастап кетуге мәжбүр болады.
– Мұндағы мамандар кісіге менен гөрі жақсы қарайды. Әкем 1-топтағы мүгедек, мемлекеттің қамқорлығында. Күні-түні төсек тартып жатқандықтан әуелі памперс, жаялық, өзге де гигиеналық бұйымдарды сатып алып тұрдым. Олардың бағасы қымбат, мысалы, ересектерге арналған бір орам памперстің өзі жеті жарым мың теңге тұрады. Кейін әкемнің мүгедектігі туралы құжатты ресімдедім. Содан бері мұның бәрін облыстық әлеуметтік қолдау басқармасы беріп тұрады. Қымбат тұратын жайлы әрі жеңіл екі арбаны да мемлекет тегін берді. Біріншісін үйде, екіншісін сыртта пайдаланамыз. Адам күтімінде отырған соң, өзім де айына 70 мың теңге көлемінде әлеуметтік төлем аламын. Біз сияқты отбасыларға мұндай гериатриялық орталықтардың көмегі қажет. Кейде кәдімгі балабақша сияқты жұмыс істейтін қарттар орталығы ашылса деп те ойламын. Тек мұндай мекемеге ата-ана баласын емес, керісінше, баласы ата-анасын апаратын болады. Сонда науқас ата-анасына бола ешкім жұмысын тастап, үйде отырмас еді. Таңертең жұмысқа кетіп бара жатып қарт ата-анасын орталыққа өткізіп кетеді де, кешкілік жұмысы аяқталған соң үйіне алып кетеді. Тетігін таба білген адамға бұл дайын бизнес, – дейді Ләззат.
Орталықтың қарттар мен зағиптар жататын өзге де әлеуметтік мекемелерден әжептәуір айырмашылығы бар. Мәселен, алғашқысы кәрілік жеңген жалғызбасты қариялардың алдына ас-суын тосып, күтімін ғана жасайды. Гериатриялық орталықта жатқандар күні-түні дәрігер бақылауында болады. Мұнда қарттардың дәрісін беріп, ем-домын жасайтын арнайы медициналық білімі бар білікті мамандар қызмет етеді. Сондай-ақ орталықта егде жастағы кісілердің қимыл-қозғалысын ширатып, жақсы нәрсені ғана ойлауға үйрететін әлеуметтік бағдарламалар, оқу-жаттығу сабақтары өтіп тұрады.
– Үйде отырған қарт кісілер көбіне төрт қабырғаға қамалып, қоғамнан оқшау қалып қойып жатады. Ғалымдар әлеуметтік байланыстың жетіспеушілігі денсаулыққа кері әсер ететінін әлдеқашан дәлелдеп қойған. Жалғыздық адамның қартаюын жеделдетеді, өмірге деген құлшынысын әлсіретеді. Әсіресе оңаша қалған қарт адам күйректікке салынып, күйзеліске түсіп кетеді. Орталыққа келген қарттар бір-бірімен танысады, әңгімелеседі, шахмат, дойбы, лото ойнайды, таза ауада бірге серуендейді, топтық жаттығуларға қатысады. Осылайша, әрқайсысының өмір сүру белсенділігі арта түседі. Бізге келген адамдардың көбі уақыт өткізіп барып, қайта оралып жатады. Жылына бірнеше рет келіп, осында жатып, демалып, ем алып, сергіп қайтатын кісілер көбейді, – дейді орталық директоры Ирина Сәдуақасова.
Бір ауық осында келіп жатып кететіндердің бірі – 82 жастағы қала тұрғыны Мария әжей. Зейнеткер қызының қолында тұрады.
– Қанша дегенмен қызымның өз балалары бар, шаруасы бастан асады. Таңертең тамағымды бере салып, екі баласын киіндіріп мектепке алып кетеді. Одан әрі жұмысына бара салып, қоңырау шалып жағдайымды сұрайды. Жағдайым қалай болушы еді, Светлана жұмыстан келгенше, уақыт санап үйде жалғыз отырамын. Кейде теледидар қараймын, бірақ көк жәшікке телміріп қашанғы отыра бересің? Далаға, таза ауаға шыққың келіп, елегізисің. Пәтеріміз бесінші қабатта, лифт жоқ, өзім біреудің демеуінсіз жүре алмаймын. Қызым алғаш осы орталық туралы айтқанда «менен құтыла алмай жүрсің-ау» деп ренжігенім рас. Бірақ мұнда келген соң, көңіл күйім көтеріліп, қызыма рахметімді айттым. Бірінші келгенде екі ай жаттым. Қызым, немерелерім күнара келіп тұрды. Денсаулығым да жақсарған сияқты. Мұнда өзім сияқты замандастарым бар, әңгімеміз де жарасады. Ирина Викторовна бастаған күтуші-медбикелерге алғысым шексіз. Өз анасындай күтім жасап, бәйек болып жүреді. Тамағы да дәмді. Бәрі – осы қыздардың арқасы, – дейді кейуана.
И.Сәдуақасованың айтуынша, қарияларға жан-жақты қызмет көрсететін мұндай әмбебап орталықты іске қосу оңайға соқпаған. 2017 жылы жалға алған ғимаратта медициналық орталық ретінде ашылған мекеме әу баста қарт кісілерге дәрігерлік көмек көрсетумен ғана шектелген.
– Бірде орталыққа деменциямен ауыратын қарт науқас түсті. Мұндай науқастар жеке күтімді, күн-түн демей дәрігердің көмегін қажет етеді. Осыдан кейін ауыр дертке шалдыққан егде жастағы адамдарға дәрігерлік көмек көрсететін арнайы бір орын қажет екенін түсіндік. Кейін бізді ұзынқұлақ арқылы естіп-білген өзге де қарт кісілер келе бастады. Осылайша, қатардағы медициналық орталықтан бірте-бірте гериатриялық орталыққа айналдық. Еліміз көлемінде мұндай үш-ақ орталық бар. Науқастар тәулік бойы білікті мамандардың бақылауында болып, түрлі психологиялық кеңес алады. Әлеуметтік бейімдеу іс-шараларына, қарт кісілердің психикалық саулығының жақсаруына, күрделі операциядан кейін пайда болатын эмоциялық қиындықтарды еңсеруге көмектесетін тренинг-жаттығуларға қатысады. Кейінгі жылдары тұрғындар ұзақ уақыт бойы төсек тартып жатып қалған туыстарын да бізге әкеліп орналастыратын болды. Әрине, мұндай кісілерге ерекше күтім керек. Жатып қалған кісілердің төсектік орны аптасына бір рет жаңаланады. Күн сайын киімін ауыстырып, шомылдырып, тырнағын, шашын алып отырамыз. Жаялығын тәулігіне төрт рет ауыстырамыз. Орайы келгенде айта кетейік, осыдан екі жыл бұрын әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламаға қатысып, «Даму» қоры арқылы шағын автобус алдық. Қазір науқастарды көбіне осы көлікпен әкелеміз немесе үйіне апарып тастаймыз, – дейді әлеуметтік мекеменің басшысы.
Бүгінде орталықтың екі ғимараты жұмыс істеп тұр. Мұндағы мамандар деменциясы бар, Альцгеймер, Паркинсон дертіне шалдыққан, инсульт, инфарктан кейін бейімдеу ем-шараларына мұқтаж ауыр науқастарға, жамбасын сындырып алып, аттап басуы мұң болып қалған қарт кісілерге тұрмыстық, дәрігерлік, психологиялық көмек көрсетіп, өмірге қайта бейімдейді. Орталықтың екі, үш орындық кең бөлмелері бар. Төсек тартып қалған қарттар декубиттен сақтайтын төсеніші бар функционалды кереуетте жатады.
Жалғыздық – бүгінгі урбанизацияланған қоғамда көп қарияның үнсіз серігіне айналғаны ащы шындық. Осындайда «Sun Vita» секілді гериатриялық орталықтардың атқарып отырған қызметі – тек медициналық күтім ғана емес, жанға жылу, көңілге медет. Мұнда тек денсаулығына емес, өміріне де жанашырлықпен қарайды. Бұл – адамға деген ізгі ниеттің, қоғамға деген жауапкершіліктің айқын көрінісі. Қарияны қадірлеген ел – қашанда берекелі.
Қостанай облысы