Қазақтың рухани әлемі қолына қалам ұстағалы ұлтын сүю мен ұлтқа қызмет етудің өзгеше үлгісін қалыптастырған Күләш Ахметова есімді қайталанбас ғажайып ақынынан айырылғанын сезініп отырмыз.
Біз, Жарасқан айтқан «Соғыстан соң туған», өртеңде өскен өркені мықты, өрісі кең буынның төлі едік. Бойымызда адамзатқа өмірдің қадірі мен қасиетін ұғындырған жеңімпаз әкелер мен жар жолын сарғая күтіп, мына ұлы ғаламды өздерінің ұлы сағынышымен тербеткен аналардың махаббаты мен құштарлығы бар еді. Бізді әдебиет дейтін сыры мен сиқыры ұшан-теңіз сол қайыпберен мінезді әлемге әкелеріміз бен аналарымыздың өмірге деген сол махаббаты мен сол құштарлығы алып келіп еді.
Күләш сол буынның ақ бантигін ақ жаулыққа ауыстырып, отбасы бақыты мен ақындықтың азапқа толы шынайы мехнатты бақытын нәзік жүрегімен қайыспай көтерген, қазақ жырын әлемтану мен адамтанудың нұрлы, сырлы, соны сипаттарымен байытқан дара бітімді, аса көрнекті сирек ақындарымыздың бірі һәм бірегейі еді. Күләш қазақ өлеңінде тамырын тереңнен тартар ұлттық наным-сенім мен әлемдік поэзияның мәдениетті жыр жазу мектебін үйлестірудің сәтті үлгісін қалыптады.
Ол қазақ өлеңінің кеңістігін өзінің ешкімге ұқсамайтын өзгеше өрнегімен, қайыпберен мінезді көркем әлемімен байытты. Күләш Ахметова дейтін есімнің енді екінші – ұлт көгінде жұлдыз боп жарқырап жанар мәңгілік өмірі басталды. Халқымен бірге жасайтын өлеңінің өлмес өмірі.
Рухы пейіш төрінде шалқып, артындағы ұлты мен ұрпағына Ұлы Жаратушы баянды жол бұйыртсын!
Нұрлан Оразалин,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты