Ғалымдар ғаламды түсіну қиын, бірақ адам миының құпиясына жету одан да қиын деседі. Расында ғаламдағы ең күрделі жүйе – адамның миы, әрі ол туралы толыққанды ұғым-түсінік жоқ. Дегенмен үздіксіз ізденіс үстіндегі медицина ми ішіндегі кеселдердің көпшілігін зерттеп, емін тауып, инфекциялық, ісік, дегенеративті, тамырлық, жарақаттық, яки психоневрологиялық деп, санаттарға бөле алатын дәрежеге жетті. Алайда ми кеселдері жиілей түсіп, жасарып бара жатқаны алаңдатады.
Осы мәселеге орай Алматыда «Ми құпиялары. Көпсалалы форум» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Келелі кеңеске Қазақстан, Ресей, Украина, АҚШ елдерінен 300-ге тарта невролог, кардиолог, психиатр, терапевт мамандар мен оңалтушы дәрігерлер онлайн, офлайн форматта қатысты. Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының директоры, профессор Алмаз Жұбашев неврология саласында мультидисциплинарлық көзқарастың маңыздылығына тоқтала келе: «Медицина дамып, жаңа диагностикалық, емдеу әдістері енгізілгеніне қарамастан, ми аурулары белең алып келеді. Айталық, елімізде жыл сайын 42 мыңнан астам адамның жаңадан инсульт алғаны тіркеледі. Өкінішке қарай, бұл көрсеткіш жай өсіп жатқан жоқ, «жасарып» барады. Бұрын инсульт жасы келген адамдардың дерті деп есептелсе, бүгінде ол 40-тың ар жақ бер жағындағы азаматтар арасында да көбейіп отыр. Дегенмен клиникалық үйлесімді жұмыстың, жаңа емдеу тәсілдерінің арқасында жалпы өлім-жітімді 13,3%-ға төмендете алдық. БМҚ (бас-ми қанайналымы) өлім-жітімі 29%-ға, инсульт 23%-ға азайып, 4,7%-ды құрады», деді.
«Неврологтер қауымдастығы» ҚБ-ның президенті, профессор Е.Нұрғожаевтың айтуынша, ағза – біртұтас жүйе, оның бір бөлігінің зақымдануы сөзсіз басқа бөліктеріне әсер етеді. Қазіргі клиникалық тәжірибе мультидисциплинарлық көзқарасты талап етеді, науқастың жалпы соматикалық жағдайын ескермей, неврологиялық ауруларды тиімді емдеу мүмкін емес. Әртүрлі бейіндегі, неврологтерден бастап гастроэнтерологтерге дейінгі мамандардың бірлескен жұмысы науқастың жағдайын дәлірек диагностикалап, дер кезінде түзетуге мүмкіндік береді.
Инсультке қатысты қауіпті факторлардың бірі – артериялық қысымның бақылаудан шығуы. Жастар арасында кездесетін ауыр геморрагиялық инсульттің көбі осы себеппен байланысты. «Қан қысымын біліп жүру, оны бақылауда ұстау – жай ұсыныс емес, өмір мен өлім арасындағы қажеттілік. Тек аурудың алдын алу ғана емес, жедел әрекет ету де аса маңызды. Мультидисциплинарлық тәсіл – өмірді сақтап қалудың кілті: жедел жәрдемнен бастап реаниматологке дейінгі мамандар командасы науқас ауруханаға түскен сәттен бастап іске кіріседі. Цифрлық технологиялар бұл әрекеттерді алдын ала үйлестіріп, терапияны бастау уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Әрбір минут шешуші рөл атқарады. Сондықтан кенеттен пайда болған қатты бас ауруы, тілдің күрмелуі, көздің нашарлауы, дененің бір бөлігінің жансыздануы, яки әлсіздігі, жүргенде аяқтың шатқаяқтауы, мінез-құлықтың өзгеруі сияқты белгілерді елемеуге болмайды», деді А.Жұбашев.
Тағы бір маңызды мәселе – кейде мамандарды шатастыратын псевдоинсульт, инсультке ұқсас жағдай, бірақ бұл ахуал басқа себептерден – интоксикация, қанттың көтерілуі, мигрень, психикалық бұзылулардан пайда болады. Мұндайда дәрігердің адаспауы аса маңызды, өйткені оның ем-домы мүлде басқа, егер сіз оны қате бастасаңыз, миға ауыр зақым келтіруіңіз мүмкін.
– Дене мен ми қызметі арасында байланыс бар екені даусыз. Қант диабеті, семіздік, бауыр мен бүйрек аурулары сияқты созылмалы дерттер когнитивтік қабілеттерге – есте сақтау қабілетіне, зейінге, ой жинақтауға тікелей әсер етеді. COVID-19 пандемиясынан кейін мұндай белгілер өрши түсті: науқастар ақыл-есінің нашарлап, ұмытшақтық, «мидың тұмандауына» жиі шағымданды. Бұл жүйке жүйесін зақымдайтын қабыну өзгерістерінен туындайтын ахуал. Ми өз ресурстарын дене арқылы алады: оттегі, глюкоза, дәрумендер, ақуыздар – бәрі де ағзадан жеткізіледі. Сондықтан емдеуге әртүрлі бағыттағы дәрігерлердің қатысуы маңызды. Бұл негізгі аурумен күресуге ғана емес, сонымен қатар мидың саулығын сақтауға мүмкіндік береді. Когнитивтік бұзылысқа келсек, когниция – миды қажетті қоректік заттармен қамтамасыз етумен тікелей байланысты, өте нәзік сала. Когнитивтік функциялар зат алмасудағы өзгерістерге өте сезімтал: көмірсу, май қышқылдары, дәрумендер, ферменттер, аминқышқылдар, басқа да заттардың алмасуы бұзылса, ми бірден жауап береді. Қабыну үдерістері де когнитивтік функцияларға айтарлықтай әсер етеді. Қарапайым тілмен айтқанда, ми – ағзадағы кез келген өзгеріске жылдам жауап қайтаратын құрылым, күрделі механизм. Мидың тұмандануын асқындырмай анықтау уақтылы түзетуді бастауға мүмкіндік береді. Бұл өте маңызды, өйткені бізді Homo sapiens ететін де – осы қабілет, – деді Смағұл Қайшыбаев атындағы неврология және нейрооңалту институтының директоры Гүлназ Қайшыбаева.
Денсаулық сақтау министрлігінің бас неврологі Сәуле Тұрыспекованың айтуынша, инсульт – артериялық гипертония, атеросклероз, қант диабеті сияқты басқа бұзылыстың салдары. Сырқаттылықтың алғашқы симптомдары – емделуге әрекет етуге берілген белгі. «Сондықтан дер кезінде дәрігерге қаралу – алғашқы сағаттарда тромболизис жүргізіп, мүгедектік қаупін едәуір төмендетуге мүмкіндік береді. Мидың саулығы кешенді қадамдарды: көп қимылдауды, дұрыс тамақтануды, көңіл-күйді бірқалыпты ұстауды талап етеді. Ми да бұлшық ет секілді, оны да жаттықтырып отыру керек. Жаңа нәрсені үйрену, таным көкжиегін кеңейтіп, бір әуес іспен айналысу, интеллектуалдық тапсырмалар – миды ұзақ жыл бойы белсенді әрі төзімді күйде сақтауға көмектеседі» дейді С.Тұрысбекова.
Өт қышқылдары, дәлірек айтқанда, олардың тепе-теңдігінің бұзылуы ми жұмысына айтарлықтай әсер етеді. Мысалы, Паркинсон ауруының даму қаупін арттырады. Паркинсон белгілері урсодезоксихол қышқылын қабылдаған кезде азайып, емдеу нәтижесі жақсарады. Таңғы уақытта қан қысымының күрт көтерілуі инфаркт, инсульт, деменцияның даму қаупін арттырады. Сол себепті қан қысымын түсіретін дәрілерді үнемі қабылдау керек, бұл ағзаны қайғылы жағдайлар мен ақыл-естен айырылудан қорғайды. Ақпаратты есте сақтау мен қайта еске түсіру қабілетіне мидағы ацетилхолин деп аталатын зат жауапты, қарт адамдардағы алжу белгілері мен мінез-құлықтарының өзгеруіне ацетилхолин жетіспеушілігі себеп болады.
АЛМАТЫ