Алматы мен оның айналасында көпқабатты тұрғын үйлердің саны жылдан-жылға артып келеді. Құрылыс қарқыны еліміздің сейсмикалық белсенділік аймағында орналасқанын ескерсек, қауіп-қатерлермен қатар өрбіп отыр.

Жер сілкінісінің қаупі тек табиғи фактор емес. Құрылыс сапасының төмендігі, бақылаудың әлсіздігі және арзан, сапасыз материалдарды пайдалану бұл қауіптің шынайы салдарын бірнеше есеге арттырады. Сарапшылардың пікірінше, қауіп Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азияда байқалып отыр. Caravan.kz медиа порталы жалғастырады.

Қазақстан сейсмикалық белсенділігі жоғары аймақтардың бірі болып табылады. Алматы қаласы мен оның маңындағы аймақтарда жер сілкінісі қаупі үнемі жоғары. Бұл өңірде биік ғимараттар салу тек табиғи қатерлермен ғана емес, сонымен қатар құрылыс саласындағы заңбұзушылықтармен, сапасыз жобалаумен және бақылаудың әлсіздігімен күрделі тәуекелге айналып отыр. Сейсмикалық қауіптерге қарамастан, қалада орта және көп қабатты құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Сарапшылардың айтуынша, бұл үйлердің көбі қазіргі заманғы сейсмостойкалық талаптарға сәйкес келмейді.

Белгілі саясаткер, эколог Мэлс Елеусізов «Уақыт көрсетеді» жобасында берген сұқбатында, Алматыда салынып жатқан тұрғын үйлердің жайы мен жер сілкінісі туралы айтты. Айтуынша, егер Алматыда жойқын жер сілкінісі болса, 7 миллион халықтың өміріне қауіп төнеді.

Айта кетейік, 2024 жылы Алматылықтардың зәресін ұшырған жер сілкінісі болған. Қала тұрғындары аяқ киім және сырт киімсіз далаға жүгіріп, кейбірі қарда тұрып киінді. Қаладан шығатын жолдарда көлік кептелісі, жанармай құю бекеттерінде кезек пайда болды. Алғашқы дүмпулер түн ортасы шамасында сезілді. Алматылықтардың смартфондарындағы хабарландыру қызметі жер сілкінісінің шамамен магнитудасы 6,2 болғанын хабарлады.

Жыл сайын шенеуніктер оңтүстік астананың табиғи апаттарға дайын екенін мәлімдегенімен, іс жүзінде жағдай басқаша. Кемшіліктер мен ақаулардан бас ашпайды. Қаңтардағы жер сілкінісі кезінде алматылықтар SMS хабарлама алмаған. Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаевтың айтуынша, SMS-хабарламаларды жедел жібергенде, тәжірибе көрсеткендей, бұл деректер қала тұрғындарына кеш жетеді. Бұл халық тығыздығымен байланысты дейді.

Ел басшысы “Алматыдағы төтенше жағдай кезінде тиісті органдар жедел шараларды қабылдауға толық дайын болмады” деп атап өтті. Сондай-ақ ол төтенше жағдайларды ескерту және жою жүйесінің материалдық-техникалық жабдықталуының әлсіздігін сынға алды. Бұл тек сейсмикалық мониторинг желісіне ғана емес, құтқарушыларды заманауи жабдықтармен, техникамен және арнайы киімдермен қамтамасыз етуге де қатысты. Мемлекет басшысы сейсмикалық қауіпсіздікке ерекше назар аударуды тапсырды. 2024 жылғы жер сілкінісінен кейін көпқабатты үйлердің тұрғындары жер үйлерге көшуді ойластыра бастады. Кейбірі тіпті қаладан көшіп кеткен жағдайлар да болды. Шошынған халық әлі де аталмыш оқиғалардың болатынына қауіптенеді.

«Табиғи апатқа дайындалу керек. Халықтың қырылуына жол бермеу керек. Қазір не істеп отыр билік? Алматының быт-шытын шығарды. 20 қабатты үйлер салып тастады. Жел де соқпайды, оның барлығы қауіпті. Біздікілер Жапония сияқты жасай алмайды, ондай тәрбие жоқ. Құрылыс компаниялары үйлерді қабаттастырып салып жатыр. Ал бізде жердің шытынаған жерлері жетеді. Оны ойлап отырған билік жоқ. Бар ойлағаны ақша», — деп қатаң сынға алды сарапшы.

Қазақстанда сейсмостойкалық құрылысқа қойылатын талаптар салыстырмалы түрде қатаң. СП 14.13330.2014 тәрізді құрылыс нормалары сейсмикалық аймақтарда ғимараттар жобалау тәртібін анықтайды. Алайда бұл талаптардың орындалуы әрқашан қамтамасыз етіле бермейді. Құрылыс инспекциялары кейде көз жұмып қарап, тіпті стандарттарға сәйкес келмейтін жобаларға рұқсат бере салады. Мұндай жағдайлар әсіресе жеке құрылыс компанияларының пайда қуалауы мен мемлекеттік бақылаудың әлсіздігінен туындайды.

Аймақтық ауқым: Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан

Қазақстанмен шекаралас Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан елдері де сейсмикалық белсенділік аймағында орналасқан. Бұл елдердің көпшілігінде биік құрылыс пен халықтың тығыз орналасуы табиғи қауіптермен бетпе-бет келу қаупін арттырады.

Мысалы, Өзбекстан астанасы Ташкент 1966 жылы 5,2 магнитудалық жер сілкінісінен қатты зардап шеккен болатын. Жер сілкінісінің ошақ тереңдігі аз болғандықтан, қаланың үлкен бөлігі қирады. Бүгінде де сейсмостойкалық талаптар жиі ескерілмей, мысалы, пенобетоннан салынған сегіз қабатты қонақүйлер сияқты қауіпті ғимараттар бой көтеруде.

Бішкек қаласында да жағдай ұқсас. Мұнда көпқабатты үйлер ликвификацияға ұшырайтын топыраққа салынып жатыр. Бұл – жер сілкінісі кезінде топырақтың тіреу қабілеті күрт төмендеп, ғимараттардың опырылып құлауына себеп болатын аса қауіпті құбылыс.

Тәжікстанда 2024 жылы құмды дауылдар мен жер сілкіністері қатар тіркеліп, инфрақұрылымның табиғи апаттарға дайын еместігін көрсетті. Ал Түрікменстанда сейсмостойкалыққа қатысты деректер аз, алайда бұл ел де Памир және Копетдаг аймағы арқылы өтетін тектоникалық жарықтар жүйесінің әсерінде тұр.

Геологиялық себептер және сейсмикалық қауіп

Орталық Азия бірнеше тектоникалық плиталардың түйіскен жерінде орналасқан. Евразия және Үнді плиталарының қақтығысы Тянь-Шань, Памир мен Алтай жоталарында күрделі жарықтар жүйесін туындатады. Зерттеулерге сәйкес, аймақтың шығыс бөлігінде солға ығысатын жарықтар, ал оңтүстік пен батыс аймақтарда оңға жылжитын және итерілетін жарықтар жиі кездеседі. Жер сілкінісі қаупі жылына 10–20 мм-ге дейінгі тектоникалық қозғалыстармен тұрақты сипатқа ие. Бұл аймақта 8 балдан жоғары жер сілкіністерінің болуы әбден мүмкін.

Құрылыс сапасы мен бақылау мәселелері

Құрылыс сапасы мен бақылау Орталық Азиядағы ең әлсіз буындардың бірі. Аймақтың ешбір елінде сейсмостойкалықты тәуелсіз бағалайтын сертификаттау жүйесі толыққанды жұмыс істемейді. 2023 жылы жарияланған халықаралық зерттеулерде Өзбекстанда топырақ қозғалысын бағалауға қолданылатын теңдеулер шынайы жағдаймен сәйкес келмейтіні айтылған. Бұл жобалық сейсмикалық жүктемені төмендетіп, ғимараттардың нақты сілкініс кезінде аман қалу мүмкіндігін азайтады.

Қазақстанда салыстырмалы түрде қатаң стандарттар болғанымен, жемқорлық пен бақылаудың жеткіліксіздігі қауіпті жобалардың жүзеге асуына жол ашып отыр.

Экономикалық және саяси факторлар

Биік ғимараттар Орталық Азия елдерінде модернизация мен инвестицияның символына айналған. Алайда шығынды қысқарту мақсатындағы шешімдер сападан үнемдеуге алып келеді. Жапония сияқты елдерде сейсмикалық қауіпті аймақтарда биік ғимараттар салуға тыйым салынған. Орталық Азияда ондай шектеулер жоқ.

Сейсмостойкалық құрылыс материалдарының, мысалы, армалған бетон мен болат конструкциялардың бағасы қымбат болғандықтан, мемлекет тарапынан субсидия беру мәселесі көтерілуі тиіс. БҰҰ және басқа халықаралық ұйымдардың гранттары зерттеулерге және қауіпсіз технологияларды енгізуге қолдау бола алады.