Биыл бес айда 105 бала терезеден құлап, оның 7-і мерт болды. Терезелердің 42%-да қауіпсіздік қоршаулары болмаған. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері айтты. Және мұндай жағдайлардың жиілеуіне байланысты сәулет және қала құрылысы саласындағы мемлекеттік нормативке өзгеріс енгізу туралы ұсынысын жеткізді.
Мағрипа Ембергенова, ҚР ДСМ Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры:
Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәселе үшін қатты алаңдайды. Себебі балалар аурудан емес, салғырттықтан көз жұмып жатыр. Көбіне 7 жасқа дейінгі балалар арасында осындай оқиғалар тіркеледі. Сондықтан заңнамаға өзгерістер енгізіп, толықтай ашылатын терезелерге мүлдем тыйым салу керек. Құрылыс компаниялары тұрғын үйдің жоспарын бекіткенде және үй иелері күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізгенде терезе қорғанышын ескеруге міндеттелуі тиіс.
Сондай-ақ министрлік ана мен бала өлімін төмендету, олардың денсаулығын нығайту мақсатында 20 өңірде Бас балалар гинекологы тағайындалғанын мәлімдеді. Әрі алыс-жақын елді мекендердегі аяғы ауыр әйелдердің тексерістен өтуі жеңілдеді. 1 күндік клиника жобасы аясында барлығы бір жерде ұйымдастырылыған. 100 мың жүкті әйел сапалы тексерістен өткен. Елдегі туу көрсеткішінің жоғары болуына байланысты жаңа перинаталдық орталықтар салу қарқынды жүріп жатыр. Болашақ аналарға бала жоспарлау үшін ел бойынша 845 кабинет жұмыс істейді. Сондай-ақ белгілі бір диагнозы бар жүкті әйелдерге дәрі-дәрмек тегін беріледі.
Ақниет Балтанова