Бұдан былай педагогика мамандығын тәмамдаған түлектер арнайы тестілеуден өтіп, бірден жұмысқа тұра алады, деп хабарлайды 24kz.
Осылайша оларға «Келешек мектептерінде» еңбек жолын бастауға мүмкіндік беріліп отыр. Арнайы тестілеу «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығының базасында ашылған онлайн платформада жүргізіледі. Бұл жоғарғы оқу орындарының түлектері мен оларды жұмысқа қабылдайтын мектеп басшылығы үшін де тиімді.
Бақыт Топтаева, тілші:
- Алтынай Шыңдалы педагогика мамандығын тәмамдады. Дипломын әне-міне қолына алмақшы. Болашақ қазақ тілі пәні мұғалімінің мемлекеттік емтиханды тапсырып шыққанына көп бола қойған жоқ. Арнайы тест арқылы «Келешек мектебіне» жұмысқа орналасу мүмкіндігі туралы естігенде бірден бағын сынамаққа бел буыпты.
Алтынай Шыңдалы, жас педагог:
- Жалпы бұл біліктілікті арттыру тесті ғой. Бүкіл педагогтердің білімін анықтау болғандықтан, сұрақтар негізі кішкене оңай, кішкене қиын болды. Бірақ негізі сұрақтар актуалды қойылды десем болады. Жалпы жақсы.
Бұған дейін мұндай тестілеу Алматы, Ақтөбе, Тараз және Шымкентте өткен. Астанада ұйымдастырылған емтиханға бұл жолы Еуразия ұлттық университетінің 150-ге тарта ең үздік түлегі қатысты. Олар 1,5 сағатта онлайн тестілеудің екі кезеңінен өтті.
Аида Мейірқұлова, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
- Бірінші компонент пәндік білімдерін анықтауға бағытталған. Қазақ тілі пәнінің мұғалімі, география пәнінің мұғалімі. Одан болашақта беретін пәніне қатысты пәндік сұрақтар. Ал екінші компонент олардың психологиялық және әлеуметтік, сонымен қатар эмоционалдық дағдыларын анықтайды.
Тестілеудің қос бөлігін қатар есептеу арқылы ортақ балл шығарылады. Осылайша болашақ мұғалімнің кәсіби біліктілігі мен педагогикалық қарым-қабілеті бағамдалады. Жоғары балл алғандары автоматты түрде платформа базасына енгізіледі.
Аида Мейірқұлова, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
- Ол кісілердің резервке өтіп, өтпегендігі туралы хабарлама болады. Егер өткен болса, автоматты түрде «Өрлеу» карьера платформасына барып, әрі қарай өзін өңдейтін басқа да хабар, ақпараты болса өңдей алады. Және автоматты түрде мектеп директорлары да қарай алады.
Orleu-edu.kz онлайн ресурсының артықшылығы сол – мұндағы ақпараттың бәрі қорғалған. Түлектерге қатысты мәліметті тек білім ошақтарының басшылығы ғана көре алады. Яғни, мектеп директорлары цифрлық қолтаңба немесе платформада орнатылған құпиясөз арқылы кіріп, сұранысқа сай маманды таңдап алады.
Марат Турашев, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» басқарма төрағасының орынбасары:
- Мысалы, Астанадағы білім ошағына болашақ ағылшын тілі пәнінің мұғалімін іздеп жатырмыз делік. Оған қоса, қайсысының алтын белгісі бар екенін білгіміз келеді. Іздеуге осылай басамыз. Міне, осыдан кейін барлық ақпарат шығады. Алтын белгіге ие, жоғары оқу орны түлектерінің тізімі шығады. Бұл – «Өрлеу» орталығының саралауынан өтіп, жұмысқа алуға кеңес етілген жастар.
Қазір платформада мыңнан аса түлектің электронды портфолиосы орналастырылған. Қыркүйекке дейін ондағы барлық кандидатура қарастырылып, жас педагогтер жұмыспен қамтылады деген жоспар бар. Айта кетейік, еліміздегі мектептерде төрт мыңдай педагог жетіспейді. Білікті мамандарға деген сұраныс әсіресе Алматы, Астана, Ақтөбе, Жамбыл және Түркістан өңірлерінде жоғары.
Авторлары: Бақыт Топтаева, Ғалымжан Абылахат