Қазақстан Қытайдан инвестиция тартуға бағытталған саясатынан айнымайды. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді. Еліміз шығыстағы көршімен бірге кәсіпорындар құрып, өңдеу өнеркәсібін дамытуды жоспарлап отыр. Мұндай бастама «Орталық Азия – Қытай» саммитінде көтерілді.

Мемлекет басшысы бірлескен жобаларды ашып қана қоймай, түрлі салада технология алмасып, тәжірибемен бөлісуге шақырды. Бейжің де достыққа дем беруге мүдделі. Отырыста ядролық энергетика, аймақ қауіпсіздігі сынды мәселелер қаралып, бірқатар құжатқа қол қойылды.

Бекзат Аманов, тілші:

- Аймақ назары тағы да Астанаға ауды. Бірнеше апта бұрын ғана елорда «Орталық Азия + Италия» саммитін қабылдаған. Араға көп уақыт салмай шаһарға саяси қарбалас қайта оралды. Көшеде қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Мемлекеттік тулар ілініп, іскерлік ортада белсенділік артты. Өңірдегі бестіктің басшылары тағы да Астанаға жиналды. Бұл жолғы мақсат Қытаймен қатынасқа қарқын қосу.

Бұл серіктестіктің тарихы тереңнен тамыр тартады. Ұлы Жібек жолынан бастау алатын байланыстан қай кезеңде де ешкім ұтылмады. Енді міне, Орталық Азия мүмкіндігі мен Қытайдың экономикалық қуатын ұштастырудың тағы бір сәті түсіп тұр. Жиын басында Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік сарайына келген құрметті қонақтарды қарсы алып, құрмет көрсетті. Кейін саясаткерлер суретке түсті.

Ресми рәсімнен соң лидерлер келіссөз үстеліне жайғасты. Қасым-Жомарт Тоқаев аймақта бұрын-соңды болмаған байланыстың үлгісі қалыптасқанын жеткізіп, бұл бағыттағы Қытайдың рөлін жоғары бағалады. Президенттің айтуынша, Орталық Азияның әлемдегі ықпалы артып келеді. Бұл нарықтың халқы сексен миллионға жуықтайды. Оның үстіне табиғи ресурстарға бай.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Орталық Азия мемлекеттерінің ішкі жалпы өнімінің көлемі жарты триллион доллар межесіне таяп қалды. Соңғы бес жылда өңірдегі сауда айналымы айтарлықтай ұлғайып, 10 миллиард доллардан асты. Өткен жылы біздің аймақтың Қытаймен арадағы сыртқы саудасы 40%-ке жуықтап, 95 миллиард долларды құрады. Бұл – рекордтық меже. Аталған көрсеткіштің 46%-і Қазақстанға тиесілі.

Қытайдан инвестиция тартуға бағытталған саясат жалғасады

Еліміздің Қытаймен байланысы тығыз. Тауар айналымы 44 миллиард долларға жетті. Көршімізден келетін инвестиция да көлемді. Бүгінге дейін Бейжің кәсіпкерлері 26 миллиард доллардан астам қаржы құйды. Қазақстанда Қытай капиталының үлесі бар 5 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Кең көлемде инвестиция тартуға бағытталған осы саясат әрі қарай да жалғасады. Мұны Қасым-Жомарт Тоқаев растады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қытаймен бірлескен жобаларды іске қосуға, тауар номенклатурасын көбейтіп, көршілес ел нарығында сұранысқа ие өнімдер экспортын ұлғайтуға ерекше мән беріледі. Өңделу деңгейі төртінші сатыға сай қосылған құны жоғары өнім шығаратын технологиялық кәсіпорындар ашуға ниеттіміз. Ауыл шаруашылығы, соның ішінде озық агротехнологиялар мен тиімді су үнемдеу әзірлемелерін қолданысқа енгізу бағытындағы ынтымақтастық өте маңызды. Бұл ретте Қытай компаниялары агроөнеркәсіп кешеніндегі өндіріс орындарын локализациялау ісіне атсалысады деп үміттенеміз.

Қазір геосаясат құбылып тұр. Салдарынан тауар тасымалдау да қиындап барады. Ал Қазақстан сенімді әрі қауіпсіз бағытты ұсынуға дайын. Былтыр Қытайдан Орталық Азия елдері арқылы 211 мың контейнер тасымалданды. Еуропаға құрлық жолдарымен жөнелтілетін жүктің 85%-і Қазақстанға тиесілі.

Роман Скляр, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

- Біз Достық Мойынты учаскесіндегі ұзындығы 836 шақырым екінші бағыттың құрылысын аяқтаудамыз. Одан бөлек, Бақты Аягөз темір жолының құрылысы басталды. Сондай-ақ Қорғас Жетіген бағытының өткізу мүкіндігі ұлғайтылады. Ол Алтынкөлдегі құрғақ портты дамытуға серпін береді. Жыл аяғына дейін Қытай шекарасымен арадағы автомобиль жолы толық жөнделеді.

Қазақстан «Бір белдеу – бір жол» мегажобасын ішкі транзиттік бағыттармен ұштастырады. Ал «Транскаспий» бағытының тартымдылығын арттыру үшін мынадай жоспар бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Каспий теңізіндегі айлақтарды жаңғырту және цифрландыру, жүк терминалдарын салу, сондай-ақ жүк кемелері өндірісін жолға қою бойынша жүйелі шаралар қабылдап жатырмыз. Осы орайда Қытай тарапына Каспийдегі «Құрық» портында жүк терминалын бірігіп салуды ұсынамыз.

Энергетика саласында ықпалдастық артады

Әрине, энергетика саласы да назардан тыс қалмайды. Әлемдегі уран қорының 20%-і, мұнайдың 17%-і, табиғи газдың 7%-і Орталық Азияда шоғырланған. Оған қоса, сирек кездесетін металдардың мол кені бар. Қасым-Жомарт Тоқаев осы бағытта тәжірибе һәм технология алмасуға ниетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз озық технологиялар алмасуға және энергетика инфрақұрылымдарын жаңғыртуға ниеттіміз. Сондай-ақ аймақтың энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға, технологиялық тұрғыдан ілгерілеуге және қуат көздерін әртараптандыруға мән берген жөн. Қытай Халық Республикасының ядролық энергетиканы дамытудағы бай және табысты тәжірибесін ескере отырып, аталған стратегиялық салада орнықты ынтымақтастық орнатуға мүдделіміз. Жуық арада келісімге қол қоюға дайындаламыз.

Енді қауіпсіздік хақында. Әлемнің тыныштығы теңселіп тұр. Бұл ретте Қазақстан Орталық Азияның бейбіт мекен болғанын қалайды. Мұны барлық тарап қолдап отыр. Осы орайда Қытай мен Орталық Азия елдері мәңгілік достық, тату көршілік пен серіктестік туралы келісімге қол қойды. Ал Қытай басшысы мынадай мәлімдеме жасады.

Си Цзиньпин, Қытай Халық республикасының төрағасы:

- Бізге біртұтас әлем керек. Аймақтық қауіпсіздікті күшейтіп, құқық қорғау және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету маңызды. «Үш зұлым күшке» қарсы сенімді күрес жүргізіп, өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты бірге қорғау қажет. Терроризммен және шекарааралық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресте бес елге қолдау көрсетуге, сондай-ақ кибер және биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге дайынбыз.

Өңірлер бауырластығы жайлы 5 келісімге қол қойылды

Қытай тарапы биыл Орталық Азия елдеріндегі маңызды жобаларды қолдау үшін 120 миллиард теңге көлемінде қайтарымсыз грант беретінін мәлімдеді. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін маңызды 3 ұсыныспен тәмамдады. Алғашқысы киберқылмысты тұсау үшін салалық ведомство басшылары арасында тұрақты байланыс орнатуды ұсынды. «Орталық Азия – Қытай» форматының 2026-2030 жылдарға арналған ұзақмерзімді даму стратегиясын әзірлеу. Сондай-ақ келесі жылды «Білім беру және ғылыми зерттеулер жылы» деп жариялауды ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қытай тарапының Орталық Азиямен ынтымақтастыққа арналған атаулы жылдар ұйымдастыру бастамасына қолдау білдіріп, келесі жылды «Білім беру және ғылыми зерттеулер жылы» деп жариялауды ұсынды. Бұл қадам елдеріміздің гуманитарлық ықпалдастығын жандандырады.

Жиында лидерлер Астана декларациясына да қол қойды. Сондай-ақ сан түрлі саланы қамтитын 12 көпжақты құжат қабылданды. Айтпақшы, Мемлекет басшысы қалалар арасындағы берік байланысты жоғары бағалаған. Нәтижесінде отырыс соңында бауырлас қалалар орнату туралы 5 келісім хабарланды.

Сунь Вэйдун, «Орталық Азия – Қытай» форматы хатшылығының бас хатшысы:

- Астана декларациясы ынтымақтастықты дамытудың жаңа ауқымды жоспарын айқындады. Негізгі бағыттары мен басымдықтары нақты көрсетіліп, стратегиялық әріптестікті жүзеге асыруға арналған бағдарламалық құжатқа айналды. Сондай-ақ саяси сенімді тереңдетуге және экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге басымдық берді. Тараптар өңір халқының мүддесі үшін ортақ тағдыр қауымдастығын құруға ұмтылысын қуаттады.

Бекзат Аманов, тілші:

- Аймақ дамуына айтарлықтай серпіліс беретін құжаттарға дәл осы дөңгелек үстелде қол қойылды. Осылайша, өңірдегі маңызды саяси шешімдер кезекті рет Астанада қабылданды. Бұл – Қазақстанның тұрақты сыртқы саясаты мен диалогқа бейіл ұстанымының нәтижесі. Сарапшылардың айтуынша, мұндай белсенділік ірі державалармен серіктестікке серпін беріп ғана қоймай, Қазақстанның Орталық Азиядағы жетекші позициясын нығайтады.

Авторлары: Бекзат Аманов, Ержан Қанапияұлы, Досхан Қораз