Кәсіби мереке қарсаңында Ұлытау облысының үздік медицина қызметкерлері марапатталды, деп хабарлайды 24kz.

Адал еңбегі мен жоғары шеберлігі үшін оларға медаль мен төсбелгілер және Құрмет грамоталары табысталды. Облыс әкімінің сыйлығы осы жауапты саланың әртүрлі бағытындағы мамандарға берілді. Аймақтың «Жыл дәрігері» де анықталды.

Мерекенің басты кейіпкерлері – медицина қызметкерлері. Күнделікті жұмысында олар адам өміріне араша түсіп жатады. Медицинаның дамуына қосқан баға жетпес үлесі үшін педиатрлар, хирургтар, фельдшерлер, терапевттер түрлі марапаттарға ие болды. Облыс әкімі Дастан Рыспеков дәрігерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Дастан Рыспеков, Ұлытау облысының әкімі:

- Сіздердің жанкешті еңбектеріңіз, кәсіби біліктіліктеріңіз және мейірімге толы жүректеріңіздің арқасында мыңдаған тұрғынның өмірі аман қалуда, денсаулығы қалпына келуде. Облыс құрылған кезеңнен бастап медицина саласына 28 млрд теңге бөлініп, материалдық-техникалық база 75%-тен 88%-ке дейін өсті.

Салтанатты іс-шара облыс әкімінің сыйлығын тапсыру рәсімімен жалғасты. «Жыл дәрігері» бас аталымының жеңімпазы болып педиатрияда үлкен тәжірибесі бар маман Каукер Жақсыгелдинова атанды.

Каукер Жақсыгелдинова, облыстық көпсалалы ауруханасы педиатриялық қызметінің жетекшісі:

- Ол тек қана менің еңбегім емес, бүкіл біздің Ұлытау облысының дәрігерлерінің еңбектері. Инновация, көп технология енгізіліп жатыр. Біздің облыстың болашағы зор деп ойлаймын.

Облыстың денсаулық сақтау ұйымдарында үш мыңнан астам дәрігер жұмыс істейді. Жалпы облыста дәрігерлердің жұмысына жағдай жасауға көп көңіл бөлінеді. Жыл соңына дейін өңірде оннан астам жаңа медициналық нысан ашу жоспарлануда. Сондай-ақ алдағы уақытта Жезқазғанда емхана мен облыстық көпсалалы аурухананың қосымша корпусын салу көзделіп отыр.

Авторлары: Достық Талғатұлы, Нурдәулет Аманкешов, Гүлшахира Серекбаева