Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында салынып жатқан әлеуметтік нысандар туралы жазды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Біз әлеуметтік нысандардың құрылысына ерекше назар аударамыз. Олар – мектеп, балабақша, оқушылар сарайы, медициналық мекеме және т.б. Мәселен, елордада 2017 жылдан бастап мемлекеттік балабақшалардың құрылысы тоқтап қалды. Ал оны біз қайта жандандырдық. Көптеген жүйелі жұмыс жүргіздік: алғашқы жер телімдерін белгіледік, инженерлік желілерді, басқа да қажетті инфрақұрылымдарды дайындадық, — деп жазды әкім.
Әкім Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбеновпен бірге құрылысы жүріп жатқан бірқатар әлеуметтік нысанды аралаған.
Биыл 11 балабақшаны пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Олар – жергілікті бюджет есебінен 1500 орындық 5 балабақша, жеке инвестиция есебінен 1094 орындық 4 балабақша, тұрғын үйлердің бірінші қабатында 185 орынға есептелген балабақша, сондай-ақ 120 орындық жаңғыртылған ғимарат. Аталған балабақшаларда 2899 орын ашылады, — деді ол.
Сонымен қатар, жаңа оқу жылында тағы 15 мектеп ашылады. Өткен оқу жылында 24 оқу орны қолданысқа берілген. Оның 16-сы – «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында. Әкім әлеуметтік нысандарды салуға да жеке қаражат тартылатынын тілге тиек етті.