«Таза Қазақстан» экологиялық іс-шарасы мен Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай «Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» қызметкерлері мен 200-ге жуық оқушы мен студент дәл қазір Балықтыкөл жағалауын тазалап жатыр. Сондай-ақ бүлдіршіндер табиғат аясындағы сурет салу байқауына қатысуда. Осы шараның басы-қасында біздің өңірдегі тілшіміз Ғани Қалмаханов та жүр. Әріптесіміз студиямен тікелей байланысқа шығуға әзір.
Ғани Қалмаханов, тілші:
Сайрам-Өгем ұлттық паркі аумағындағы Балықты көлі – жер астынан шығып жатқан жүздеген бұлақ көздері тоғысқан су айдыны. Ерекшелігі – жаздық аптап ыстығының өзінде мұндағы су небәрі 14-16 градус қана жылы болады. Табиғат жанашырлары таңертеңнен бері аумағы 1 гектардан асатын көл аумағының қоқыстарын теріп, арнаны тұнба балдырлардан арылтып жатыр. Бұл жұмыстарды атқаруға студенттермен бірге мектеп оқушылары да келген. Солардың бірі — Мерей. Ол білім ұясы жанынан жасақталған экологиялық клубтың тұрақты қатысушысы.
- Мерей, табиғатқа жанашырылық жасау қаншалықты маңызды?
Мерей Бекет, 8-сынып оқушысы:
Табиғат біздің ең үлкен байлығымыз. Біз сонымен тыныстаймыз, тіршілік етеміз. Суын ішіп, ауасын жұтамыз. Сондықтан оны қорғауымыз керек, жанышырлық танытуымыз қажет. Бұл – баршамыздың борышымыз.
Қазір сондай-ақ бір топ өнерлі оқушы көл жағасында отырып, табиғаттың әсем көріністерін қағаз бетіне түсіруде. Мұнан бөлек ұлттық парк басшылығы түрлі спорттық сайыстар мен викториналық сұрақ-жауап ойынын да өткізуге әзірлік жасап жатыр. Дерек үшін айта кетейін, ұлттық парк аумағын 59 түрлі аң мен 300-ге жуық құс мекендейді. Олардың біразы қызыл кітапқа еніп, арнайы қорғауға алынған. Мұнан бөлек 1 мың 600-ден астам ағаш және дәрілік өсімдіктердің де бай қоры бар.
Жалпы биыл наурыз-мамыр айларында мұнда 30-дан аса экологиялық шара ұйымдастырылып, оған 5 мыңға жуық адам қатысты. Сонымен қатар былтырдан бері «Таза Қазақстан» және басқа да экологиялық акциялар аясында мектептерде ағаш егу, құстарға ұя дайындау және экологиялық сабақтар өткізіліп келеді.
Ғани Қалмаханов