Сенат отырысында «ҚР аумақтық қорғанысы туралы» және «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне аумақтық қорғаныс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары талқыланды , деп хабарлайды El.kz порталы.

Отырыс барысында заң жобаларының негізгі мақсаты аумақтық қорғаныс жүйесін құқықтық реттеу және мемлекеттік саясаттың заңдық негіздерін қамтамасыз ету екені атап өтілді. Заңдар жұмылдыру дайындығын арттыруға, төтенше жағдайларда халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ аумақтық қорғаныс күштерінің тиімді жүйесін қалыптастыруға бағытталған.

Негізгі заң аумақтық қорғаныстың мақсаттары, міндеттері мен принциптерін анықтап, оны мемлекеттің қорғаныс жүйесінде жеке сала ретінде қарастырады. Заңда аумақтық қорғаныс күштерінің құрамы мен қызметі – құқық қорғау органдары, қарулы күштер, аумақтық әскерлер, арнайы құрылымдар және өзін-өзі қорғау күштері толық қамтылған.

Сонымен қатар, заңда аумақтық қорғаныс саласын қаржыландыру мәселелері, жұмылдыру және әскери жағдай кезеңінде халық пен объектілерді қорғау, жергілікті тұрғындардың қауіпсіздік шараларына қатысуы туралы нақты нормалар бекітілген. Жаңа заңға «ерікті» және «өзін-өзі қорғауды қалыптастыру» сияқты жаңа терминдер енгізіліп, мемлекеттік органдардың, заңды және жеке тұлғалардың құқықтары мен міндеттері айқындалды.

Заң жобаларын талқылау барысында олардың еліміздің әскери қауіпсіздігін нығайтуда маңызды рөл атқаратыны және мемлекеттік органдар мен азаматтардың өзара іс-қимылын құқықтық тұрғыда қамтамасыз ететіні айтылды.

Сенат мүшелері заң жобаларының бірінші оқылымда мақұлдануын қолдап, олардың еліміздің әскери-әлеуметтік дамуындағы маңыздылығын атап өтті.