Атырау облысының Индер және Махамбет аудандарында қарақұрт көбейіп, тұрғындарды тағы әбігерге салды.

Улы жәндіктер ауылдық округтердің жайылымдық жерлерін жайлап алған. Былтыр осы улы жәндіктен 13 адам зардап шегіп, 90 түйе қырылған еді.

Шаруалардың айтуынша, қарақұртқа қарсы нақты шаралар әлі күнге дейін қолға алынбаған. Себебі бұл зиянкеспен күрес жұмыстары мемлекеттік реестрге енбей қалған. Салдарынан жергілікті билік жәндіктерді улау немесе халықты медициналық бақылауға алу жұмыстарын бастай алмай отыр.

Қарақұрттан зардап шеккен шаруалардың бірі Өрлік ауылының тұрғыны Қайырлы Шәмшиденов. Ол өткен 5 жылда 2 бие, 7 түйесінен айырылғанын айтады. Бұл тек бір шаруашылықтың шығыны. Ал Индер ауданында тек малмен күнелтіп отырған 300-дей қожалық бар.

Қайырлы Шәмшиденов, Өрлік ауылының тұрғыны:

- Қарақұрттың көбейіп кеткеніне ештеңе істей алмай отырмыз. Жердің жағдайы мынау. Әкімдік ештеңе айтпайды. Былтыр да айттық, оны алдыңғы жылы да айттық. 5 жылдай болды. Жылда түйе өлтіреміз. Екеуден, үшеуден өліп жатыр. Шарбақтағы ботаның өзін шағып, система салып, алып қалып жатырмыз.

Биыл қарақұрт уынан төрт түлік аман. Алайда Махамбет ауданында 40 жастағы азаматты шағып, ауруханаға түскен. Науқасқа шұғыл көмек көрсеткеннің арқасында ғана аман қалды, дейді дәрігерлер.

Ақылбек Сабыров, Махамбет аудандық ауруханасының дәрігері:

- Екі күн бұрын шағып алған негізі. Түнде келгенде жағдайы ауыр болды. Бірінші кезекте дезинтоксикациялық терапия жүргіздік. Бұның симптомдары бас ауруы, шаққан жердің ауруы, қызу және у қан айналысқа түскен соң әрі қарай бүйрекке түсуі.

Осыдан екі жыл бұрын да Атырауда қарақұрт қаптап кеткен. Салдарынан 124 түйені шағып, оның 18-і арам өліпті. Ал былтыр 90 түйе шығын болды. Мамандар қауқарсыз. Өйткені қарақұртты жоюға бюджеттен қаржы бөлінбейді.

Ақмарал Досымбаева, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

- Оның шағуынан болатын өлім химиялық уланудың салдарынан болады. Сондықтан бұл фактілер оларды тіркеу, медициналық бақылау, індетке қарсы шаралар біздің тұрғыдан жүргізілмейді.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Қарақұрт өте өсімтал жәндік. Бір ұядан 1500-2000-ға тарта зиянкес өсіп шығады екен. Онымен күресуге облыс деңгейінде кешенді жоба жасақталмаса, ауылдықтар дәрменсіз. Сондықтан тұрғындар қарақұртты қауіпті зиянкес ретінде реестрге тіркеп, шұғыл шара қабылдауды сұрайды.

Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин