Батыс Қазақстан облысындағы Жымпиты ауылында жер үй отқа оранып, 5 бала қаза тапты. Өрт сөндірушілер оқиға орнына шақырту түскеннен кейін 5 минут ішінде жеткен. Бұл кезде 30 шаршы метр аумақты жалын шарпып үлгерді. Үйдегі балалар ес-түссіз күйде табылып, ауруханаға жеткізілді, алайда оларды құтқару мүмкін болмады.

Өрт толығымен жойылды. Оқиға орнында өңірлік ТЖД мамандары жұмыс істеп жатыр. Ал полиция кәмелетке толмағандардың қаза болуына байланысты қылмыстық іс қозғады. Әзірге қайғылы жағдайға көміртегі тотығымен улану себеп болуы мүмкін.