Қазақстан Республикасы Елтаңбасының авторы, белгілі сәулетші Жандарбек Мәлібеков іссапармен Қостанай қаласында болды.
Мәртебелі мейман Ішкі істер министрлігінің академия ұжымымен, зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, төл таңбамыздың тарихы, мән-маңызы жайлы сыр шертті. Ұлттық сәулет өнерін дамытудағы ой-толғамдарымен бөлісті.
Ішкі істер министрлігінің Қостанай академиясының офицерлері мен курсанттары Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібековті сап түзеп, қарсы алды. Құрметті қарауыл ротасы мемлекеттік рәмізді алып, жүріп өтті.
Илдар Рахышбай, ҚР ІІМ Қостанай академиясының курсанты:
- Дайындықтың өзі біраз уақытты талап етеді. Ту алып шығып және де құрметті Жандарбек Мәлібекұлының келуіне орай Елтаңбаны алып шығу өте үлкен құрмет болып саналады.
Мемлекеттік ту көтеріліп, бес жүзге тарта тарта курсант шырқаған әнұран әсерлі шықты.
Жандарбек Мәлібеков, Қазақстан Республикасы Елтаңбасының авторы:
- Барлық елдер, барлық халықтар өзінің туы үшін, өзінің Елтаңбасы үшін күреседі. Сондықтан мен қазір Сіздерді көріп отырып, өте қуанып отырмын. Біздің ата-бабаларымыз аңсаған, мынау Алаш арыстары аңсаған біздің мемлекетіміздің тәуелсіздігі мәңгілік жасай берсін.
Одан кейін Елтаңба авторы Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейінде зиялы қауым өкілдерімен кездесті.
Ақылбек Шаяхмет, ақын, публицист:
- Жандарбек Мәлібеков ағамыздың Қостанайға келген сапары бұл әрине өте пайдалы тарихи танымдық жағынан. Өйткені бізде бұған дейінде пәлен ғасыр артқа қарайтын болсақ, бізде рулық таңба болды, әрбір жүздің таңбасы болды. Ал енді бұл Елтаңбада біздің пәленбай ғасырлық тарихымыз бейнеленген.
Емін-еркін әңгіме барысында Жандарбек Мәлібекұлы тарихи туындының қалай дүниеге келгендігін, оның әр бейнесінде үзік бір сыр жатқандығын тәпіштеп айтып берді.
Жандарбек Мәлібеков, Қазақстан Республикасы Елтаңбасының авторы:
- Киіз үй ортасында күлдіреш бар ғой, Сол күлдірештен төрт желбау түседі төменге. Соның екеуін алдына шығарып босағаны бекіттім ғой. Босағаң берік болсын дегенде сол.
Сөзінің соңында Жандарбек Мәлібекұлы қостанайлықтарға жылы лебізін білдіріп, рәміздер күні қарсаңындағы құттықтау тілегін жеткізді.
Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров