Қазақстанның тұңғыш президентінің кеңесші — баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Нұрсұлтан Назарбаевтың шетелге сапарына қатысты пікір білдірді, — деп хабарлайды Massaget .kz тілшісі.
"Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеуге сапары жеке, бейресми сипатта болды. Тұңғыш президент бірқатар әлемдік көшбасшымен телефон арқылы сөйлесу, жеке хат алмасу және жеке кездесулер арқылы байланыста. Бұл тек Ресейге емес, Түркияға, Қытайға, БАӘ-ге, Өзбекстанға, Беларуське және басқа мемлекеттерге де қатысты. Өзара іс-қимылдың мұндай форматы халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді және мемлекеттік қызмет жылдарында қалыптасқан жеке байланыстарды көрсетеді", — деді ол.
Айдос Үкібай мемлекеттік лауазымды қызмет атқармайтын беделді саяси қайраткерлермен жеке кездесу қалыпты дипломатиялық тәжірибе саналатынын мәлімдеді.
"Нұрсұлтан Назарбаев Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шараларға шақыру алды. Объективті жағдайларға байланысты ол ресми мерекелер күндері қатыса алмады және кейінірек Мәскеуге жеке барды", — деді ол.
Сондай-ақ, Айдос Үкібай Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда тұратынын мәлімдеді.
"Оның елден тыс жерлерге шығуы туралы хабарламалар шындыққа жанаспайды", — деді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!