Баянауылдағы Жасыбай туристік айлағында нәпақа тауып жүрген 40 тан аса кәсіпкер жұмыссыз қалды. Олардың кейбірі 8 жылдан бері туризм саласында еңбек еткен. Ал, аяқ асты жұмыссыз қалуларына ұлттық табиғи парктің бас жоспарының бекітілмеуі себеп болып отыр. Тараптарды аймақтағы меншікті тілшіміз тыңдады.
Парк аумағында жұмыс істеуден шеттетілгендер зәуілім демалыс үйлерінің иелері емес, Баянауыл мен Жасыбай көліне жақын ауылдың тұрғындары. Олар Ұлттық табиғи паркпен мерзімдік келісім-шарт арқылы жұмыс істеп келген.
Сүлеймен Мәмен, кәсіпкер:
Біз жерді заңды түрде ала-алмай отырмыз. Осы мәселенің кесірінен біз кәсібімізге толыққанды ақша құя алмаймыз. Бұл жер берілуі үшін бізге бас жоспар керек.
Бас жоспардың жыры 2021 жылдан бері жалғасып келеді. Депутаттар мен прокуратура тарапынан талай көтерілген. Мәселе шешілмек түгілі биыл ұлттық парк аумағында этнотуризммен айналысуға шектеу қойылған.
Болат Аманбаев, тілші:
Баянауылға келген адам алдымен қазақылықты көргісі келеді. Туристерді тартудың да басты жолы осы. Бірақ Ұлттық парк аумағында биылдан бастап киіз үй құруға тыйым салынады. Салт атпен жүруге де рұқсат берілмейді.
Қалмұқан Қаржасұлы, кәсіпкер:
Биыл, былтырдан бері міне құрғызбай қойды. Оның мәселесін біз білмей тұрмыз. Енді біз қазақтың киіз үйін құрғаннан кейін қазақтың салт-дәстүрі бар, садақ ату, асық ойнау, арқан тартыс бәрі. Жаңағыларды көрсетейік десек бізге оны ешқандай істеткізбей отыр.
Кезінде әкімшілік қойған дүңгершектердің бәрі қазір алынып тасталған.
Аждар Жүсіпов, Баянауыл ұлттық табиғи паркінің бас директоры:
Рұқсат жоқ. Заңсыз тұр деп прокуратура нұсқама берді. Соған сәйкес 44 нысанның жұмысын тоқтаттық. 90 пайызы бұл аумақтан шығарылды. Кетпейміз деп сотқа жүгінгендері де бар.
44 нысанда кемі үш адамнан жұмыс істегеннің өзінде 150 ге тарта адам жұмыссыз қалғаны анық. Ал, аудан әкімі бұл мәселеге қатысты ешкім шағымданбады деп отыр. Салаға жуапты министрлік өкілдері Ұлттық парктің құжатын қарастырып жатырмыз деп хабарлады.
Бексұлтан Мейірбеков, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі ерекше қорғалатын табиғи аумақтар басқармасының басшысы:
Жер кәсіпкерлерге кезінде заңсыз берілген. Сондықтан біз құжатқа өзгеріс енгізіп жатырмыз. Заңға сәйкес жасап жатырмыз.
Мәліметке қарағанда бас жоспарды дайындауға демеуші табылып 8 млн. 200 мың теңге қаржы аударыпты. Конкурсты ұтып алған Алматылық фирма маусымның 11 нен бастап жұмысқа кіріспек. Араға үш күн салып Жасыбайда туристік маусым басталады. Ал, бас жоспарды дайындауға кемі екі ай мерзім қажет.
Болат Аманбай