Иранның футбол федерациясы ел құрамасы 2026 жылғы ФИФА әлем чемпионатына "нақты түрде" қатысатынын мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BILD басылымына сілтеме жасап.


Ол жарысты қабылдаушы елдер – АҚШ, Канада және Мексиканы Тегеранның команда сапары мен оның өкілдеріне қатысты жағдайларға байланысты алаңдаушылықтарын ескеруге шақырды.

"Барлық ойыншыларға, сондай-ақ бапкерлер мен қызмет көрсету штабының мүшелеріне – әсіресе Ислам революциясы сақшылар корпусында әскери қызмет өткергендерге визалар еш кедергісіз берілуі тиіс", – деді федерация президенті Мехди Тадж.

Алайда бұл мәселе шын мәнінде күрделі болуы мүмкін: иран азаматтары бұрын Дональд Трамп әкімшілігі енгізген АҚШ-қа кіруге тыйым салу шектеулеріне іліккен. Бұған қоса, Иран мен АҚШ әзірге ұзақ мерзімді бейбіт келісімге келе қойған жоқ, екі ел арасында тек әлсіз әрі тұрақсыз бітім ғана сақталып отыр.