Франция президенті Еуропалық саяси қоғам саммиті қарсаңында Ереванда БАҚ өкілдері алдында сөз сөйлеген.


Ол Иран мен АҚШ билігін үйлестіру арқылы Ормуз бұғазын ашуға шақырған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Макрон қос ел арасында уақытша бітімге қол жеткізілгеннен соң АҚШ президенті Дональд Трамппен және Иран президенті Масуд Пезешкианмен келіссөздер жүргізгеніне тоқталды.

– Бітім Ливанды да қамтуы және Ормуз бұғазының қайта ашылуын көздеуі тиіс еді, – деді ол.

Франция президенті 17 сәуір күні Парижде Ормуз бұғазындағы кеме қатынасы еркіндігін қамтамасыз етуге арналған конференция өткенін жеткізді.

"Сол күні АҚШ-та Ормуз бұғазын бұғаттау туралы жарияланды" деп таңданысын білдірді ол.

Макрон АҚШ бұғазды қайта ашса, бұл тек құптарлық қадам болатынын айтып, Францияның әуелден-ақ осындай талап қойғанын еске салды. Сонымен бірге Париж қандай да бір күш қолдану операцияларына қатыспайтынын ашық айтты.

Оның сөзінше, бұғазды қайта ашу үшін арнайы миссия құрылған.

– Біз оның Иран мен АҚШ арасында үйлестірілген түрде қайта ашылғанын қалаймыз. Бұл – Ормуз бұғазының тұрақты түрде ашық болуын қамтамасыз етудің және кеме қатынасы еркіндігін ешқандай шектеусіз әрі төлемсіз сақтаудың жалғыз жолы, – деді ол.

Макрон сонымен қатар Ливандағы бітім режимін сақтау аса маңызды екенін айтып, тараптардың тиісті міндеттемелер алғанын сөз етті.

– Біз Украинаға қауіпсіздік кепілдіктерін беру үшін "ниет білдірушілер коалициясын" құруға шешім қабылдадық. Мұны арнайы операция мен Ормузды босату миссиясы аясында жүзеге асырдық, – деді Макрон.

Макрон еуропалықтардың өз тағдырын өз қолына алып, қорғаныс пен қауіпсіздік шығындарын арттырып, бірлескен шешімдер әзірлеп жатқанын жеткізді.