Лицензия 5 жыл мерзімге беріледі.


Қазақстанда 1 сәуірден бастап балалар лагерьлері қызметін лицензиялау енгізілді. Жаңа жүйе балалардың жазғы демалысын ұйымдастырудағы қауіпсіздік, сапа және ашықтықты арттыруға бағытталған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, лицензиялау енгізілгеннен кейін балаларды сауықтыру орталықтарының қызметі міндетті мемлекеттік реттеуге жатады. Бұл кәмелетке толмағандарға білім беру және сауықтыру қызметтерін ұсынатын барлық ұйымдарға, меншік нысанына қарамастан, мемлекеттік және жекеменшікке де қатысты.

Лицензия 5 жыл мерзімге беріледі, бұл әкімшілік жүктемені азайтуға және лагерьлер жұмысының тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, талаптар бір реттік емес, тұрақты сипатқа ие. Ұйымдар оларды бүкіл қызмет кезеңі бойы сақтауға міндетті.

"Лицензиялау балалардың демалысы, оқуы және сауықтырылуы жағдайларына бірыңғай талаптар белгілеуге, сондай-ақ олардың сақталуын жүйелі түрде бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", – деп атап өтілген министрліктің тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаменті басқармасының хабарламасында.

Лицензиялау аясында балалардың қауіпсіздігіне, инфрақұрылымға және олардың лагерьде болуын ұйымдастыруға қатысты міндетті талаптардың кешені қарастырылған.

Лагерьлерге қойылатын талаптар:

  • медициналық пункттің болуы және медициналық қызметке лицензия немесе медициналық ұйыммен келісімшарт;
  • қауіпсіздікті қамтамасыз ету – бейнебақылау, күзет, дабыл түймесі, өткізу режимі;
  • бекітілген білім беру және сауықтыру бағдарламаларының болуы;
  • тамақтануды ұйымдастыру және санитарлық нормаларды сақтау;
  • тұру жағдайлары, санитарлық тораптар және ауызсу режимі;
  • балаларды тасымалдауды және тиісті инфрақұрылымды қамтамасыз ету.

Жыл бойы және маусымдық лагерьлер үшін жеке критерийлер қарастырылған, оның ішінде нысандарды жалға алу мерзімдері, кадрлық құрам және материалдық-техникалық база бойынша талаптар бар.

"Лицензиялық талаптардың сақталуын бақылау мемлекеттік аттестация, жоспардан тыс тексерулер және біліктілік талаптарына сәйкестікті мониторингтеу аясында жүргізіледі", – деп толықтырды ведомство.

Сонымен қатар, лицензиялау енгізу цифрлық есепке алу жүйелерін пайдалануды, оның ішінде ұлттық деректер базаларымен интеграцияны көздейді.

Мәселен, 2024 жылы Алматы облысында төрт лагерь санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысыз жұмыс істеген. Олардың үшеуінен балалар шұғыл түрде шығарылған, ал бір лагерьде шамамен 700 бала демалысын жалғастырған.

Сонымен қатар, СЭС рұқсатын алмаған 10 нысан маусымдық балалар сауықтыру орталықтарының тізімінен шығарылды: оның ішінде Алматы облысында – бесеу, Ақмола облысында – үшеу, Алматы қаласында және Түркістан облысында – бір-бірден.