Негізгі жұмыстар 27 наурызда басталды.


Кәсіпорын жоспарлы алдын алу жұмыстарын ҚР Энергетика министрлігі бекіткен кестеде көзделген мерзімнен үш күн бұрын аяқтады. Мұнайды бастапқы өңдеу өндірісі 22 сәуірде, ал терең өңдеу өндірісі 2 мамырда жұмыс режиміне көшті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жоспарлы алдын алу жұмыстары аясында 573 бірліктен астам жабдыққа және 170 құбырға куәландыру жасалды. Сондай-ақ ЭЛТҚ-АТ, дизель отынын гидротазалау және каталитикалық крекинг қондырғыларын қоса алғанда, негізгі пештермен агрегаттарға күрделі жөндеу жүргізілді.

Жұмыстарға 2000-нан астам маман, 222 арнайы техника жұмылдырылды. Бұл ретте еңбекті қорғауға және өнеркәсіптік қауіпсіздікке ерекше назар аударылды.

Кәсіпорын ЖАЖ кезінде алдын ала жасақталған қор есебінен жанар-жағармай нарығының тұрақтылығын сақтай отырып, мұнай өнімдерін тұрақты жеткізуді қамтамасыз етті.

Келесі ауқымды жұмыстар тек 2030 жылы жүргізіледі. 2028 жылы жекелеген қондырғылардың қысқа мерзімді ағымдағы жөндеуі көзделген. Жалпы, бұл Шымкент МӨЗ-не ішкі нарықты мұнай өнімдерімен тұрақты қамтамасыз ете отырып, ұзақ уақытқа тоқтамай-ақ жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, жоспарлы алдын алу жұмыстары "Азаматтық қорғау туралы" ҚР Заңының талаптарына сәйкес жүргізіледі. Бұл іс-шаралар зауыттың үздіксіз әрі қауіпсіз қызметін, сондай-ақ экология саласы стандарттарының сақталуын қамтамасыз етеді.