Ол бұл туралы Truth Social желісіндегі парақшасында жазып, Тегераннан жаңа ұсыныс түскенін және оны алдағы уақытта қарайтынын жеткізді.
АҚШ президенті Дональд Трамп Иран ұсынған жаңа бейбіт бастаманы жақын уақытта зерделейтінін, алайда оның қабылдануы екіталай екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.
Трамптың пікірінше, Иран соңғы 47 жыл ішінде әлем мен адамзат алдында жасаған әрекеттері үшін әлі де жеткілікті "жауап бермеген". Осыған байланысты ол аталған ұсыныстың қабылдануы күмәнді екенін атап өтті.
Бұған дейін Иранның IRNA агенттігі Тегеран АҚШ-пен келіссөздерде делдал рөлін атқаратын Пәкістанға жаңа ұсыныс жолдағанын хабарлаған. Бұл құжат Вашингтонмен келісімге келіп, соғысты тоқтатуға бағытталған соңғы жоба ретінде сипатталған.
IRNA мәліметінше, Иран келіссөздердің қорытынды жобасын 30 сәуірде Пәкістанға тапсырған.