Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Мадияр Меңілбеков Корольдіктің Энергетика министрінің халықаралық байланыстар және ынтымақтастық жөніндегі орынбасары Нассер Әл-Доссаримен келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сұхбат барысында тараптар Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы энергетика саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың даму перспективаларын талқылап, көпжақты алаңдар шеңберіндегі өзара іс-қимылды одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
Инвестициялық әріптестікті кеңейту, сондай-ақ тұрақты даму мен энергетикалық ресурстарды әртараптандыруға бағытталған бірлескен жобаларды ілгерілету мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Тараптар қазақ-сауд байланыстарын одан әрі нығайтуға өзара мүдделілігін растады және ынтымақтастықтың басым бағыттары бойынша үйлестіру жұмыстарын жалғастыруға уағдаласты.