Атырау облысында жыл басынан бері медициналық авиация қызметін 243 пациент пайдаланған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің дерегіне қарағанда, 59 науқас ұшақпен, 19 адам тікұшақпен, ал 156 пациент автокөлікпен мамандандырылған медициналық мекемелерге жеткізіліпті, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Авиамедициналық бригаданың құрамына өңірдегі облыстық ауруханалардың реаниматологтері, неонатолог пен травматолог, нейрохирург және невролог мамандар тартылды. Жоғары санатты дәрігерлер шалғай елді мекендерден жеткізілген пациенттерге 42 рет консультация берді. Дәрігерлер 29 науқасқа шұғыл ота жасады» деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
Медициналық авиацияның Құрманғазы ауданына көп барғаны анықталып отыр. Пациенттер әр түрлі себеппен көмекке жүгінген. Негізгі себептер – жүрек-қан тамырлары аурулары, жедел жарақаттар, жазатайым оқиғалар мен улану жағдайы.
«Осы санаттар бойынша 69 азаматқа жедел медициналық көмек көрсетілді. Акушерлік салада 13 жүкті әйел, ауыр патологиямен өмірге келген 49 нәресте дер кезінде жеткізілді. Оларға сапалы медициналық көмек берілді», деп мәлімдеді басқарманың баспасөз қызметінен.