Кейінгі екі жылда Малайзиядан Қазақстанға келетін туристер саны бес есе артты.
Жыл басынан бері елімізге 17 мың малайзиялық саяхатшы келген. Ал Куала-Лумпур – Алматы бағытында тікелей рейс орындайтын малайзиялық әуе тасымалдаушының мәліметінше, биыл әуе билеттеріне сұраныс 15% өсіпті.
Филза Шамсул биыл Қазақстанға алғаш рет сапарлап барған малайзиялық саяхатшылардың бірі. Куала Лумпур мен Алматы арасында тікелей әуе қатынасы ашылған соң еліміздің туристік мүмкіндіктерін зерттеп, қызығушылығы артқанын айтады. Айтуынша, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен келетін туристерді Қазақстанның табиғи көрікті жерлері мен ұлттық мәдени ерекшеліктері қызықтырады.
Филза Шамсул, Куала-Лумпур қаласының тұрғыны:
- Қазақстанның табиғаты ерекше әсер қалдырды. Алтай таулары мен Шарын шатқалын аралап, Көлсайдың кереметін көзбен көру үшін барғанмын. Келесі демалысымды да Алматыда өткізуді жоспарлап отырмын. Малайзиядан Қазақстанға туристік топтарды апарамын. Қазірдің өзінде сұраныс жоғары. Көбіне туристер Шымбұлаққа, Шарын шатқалына және Көлсай көлдеріне барғысы келеді.
Әнел Еділқызы, тілші:
- Куала-Лумпур мен Алматы арасындағы тікелей әуе қатынасы былтыр наурыз айында іске қосылды. Қазір бұл бағытта Малайзияның ірі әуе компанияларының бірі аптасына бес мәрте қатынайды. Бағыт ашылғалы бері шамамен 100 мың жолаушы тасымалданған.
Беньямин Исмаил, малайзиялық әуе компанияның бас директоры:
- Қазақстан — біздің маршруттық желідегі ең танымал бағыттардың бірі. Соңғы бір жылда әуе билеттеріне деген сұраныс 15% артты, ал ұшақтардың орташа жүктемесі 88%. Осы қарқын сақталған жағдайда алдағы жылы рейстерді күн сайын орындаймыз. Бағыт тек малайзиялық жолаушылар арасында ғана емес, Куала-Лумпур арқылы ұшатын бүкіл әуе желісінде де ұсынылып отыр. Соның нәтижесінде Индонезия мен Австралиядан келетін туристер саны артып келеді.
Қазақтуризм өкілдерінің айтуынша, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде Қазақстан туристік бағыт ретінде белсенді насихатталып жатыр. Әуе компанияларымен бірлесе ұйымдастырылатын іс-шаралар сұраныстың артуына оң әсер етуде. Сонымен қатар визасыз режим де өз ықпалын тигізіп отыр-дейді.
Венера Мұстафина, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Баспасөз хатшысы:
- Шетелдік туристер әртүрлі бағыттарды таңдайды. Соның ішінде Алматы қаласы мен Алматы облысы, Астана мен Ақмола өңірі, Маңғыстау, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстары жоғары сұранысқа ие. Туристердің талғамы әрқилы: бірі табиғат аясында тыныш демалғанды қаласа, енді бірі қалалық туризмді таңдап, ұлттық мәдениетпен танысуды жөн көреді.
Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен келетін саяхатшылар арасында қысқы туризмге қызығушылық жоғары. Туристердің басым бөлігі қаңтар мен ақпан айларында келеді. Ал елде болу ұзақтығы орта есеппен бес–жеті күн.
Әнел Еділқызы, Иманәлі Әнуар