Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төра­ғалығымен өткен эконо­­микалық өсімді қам­та­масыз ету жөніндегі штабтың кезекті отырысында биылғы жылдың қорытынды көрсет­кіш­тері мен келесі жылы эко­но­микалық өсімді қол­дау­дың негізгі тәсілдері қарал­ды.


Отырыс барысында өңдеуші өнеркәсіптің жай-күйіне ерекше назар аударылды. Жыл басынан бергі 11 айдың қоры­тын­дысында саладағы нақты көлем индексі 105,9 пайызды құрады. Ал биылғы жыл­дың қорытындысында өңдеуші өнер­кәсіпте өсім шамамен 6 пайыз деңгейінде болады деп күтіліп отыр.

Биыл негізгі өңдеу салала­ры­ның даму болжамына сәйкес өңдеуші өнеркәсіп құры­лы­мы­ның 40 пайызын құрайтын металлургияда өсім 1,1 пайызды құрайды. Машина жасау саласы (17,5%) 12 пайыздық өсім көрсетеді деп жоспарланған. Тамақ өнеркәсібінде (13,1%) – 9 пайыз, құрылыс материалдарын өндіруде (5,6%) – 6 пайыз, химия өнеркәсібінде (5,4%) – 6 пайыз, ал жеңіл өнеркәсіпте (0,7%) 5 пайыз өсім күтіледі.

Штаб отырысында өңдеуші өнеркәсіптің экономикалық өсімнің басты драйверлерінің бірі ретіндегі болашағы жан-жақты талқыланды. Түсті және қара металлургияның даму перс­пективалары, «Бәйтерек» холдингі арқылы қаржы­­лан­ды­рылатын жобалардың іске асырылу барысы, өңірлердегі инфрақұрылымның жай-күйі мен саланың тұрақты дамуына ықпал ететін өзге де факторлар қарастырылды.

Өңірлердің ресурстық және инфрақұрылымдық әлеуе­тін тиімді пайдалану қажет­тігін ескере отырып, Серік Жұманғарин келесі жылы өң­деуші өнеркәсіп сала­ла­рын­да­ғы өсім қарқынын қамта­масыз етуге арналған жол картасын әзірлеуді тапсырды. Құжатта экономикалық өсімге аса маңызды шаралармен қатар, жеңіл өнеркәсіп пен құрылыс материалдары өндірісін қолдау тетіктері қамтылмақ.

Сауда саласында да оң динамика сақталып отыр. 11 айдың қорытындысы бо­йынша нақты көлем индексі 8,8 пайызды құраса, жыл соңында бұл көрсеткіш 8,9 пайызға жетеді деп күті­леді. Сауда өсімінің жиынтық үле­сінің шамамен 72 пайызы бес өңірге тиесілі.

Атап айтқанда, Алматы қаласында сауда көлемі 24,6 трлн теңгені құрап, автомобильдер, машиналар мен жаб­дық­тар, фармацевтикалық өнімдер мен шоколад саудасы басым болды. Астанада 10,9 трлн теңгеге табиғи газ, дизель отыны, авиациялық бензин мен керосин, ет пен сүт өнімдері сатылған. Атырау облысында (6,7 трлн теңге) мұнай өнімдері мен машиналар, Қарағанды облысында (4,5 трлн теңге) фарма­цев­ти­калық тауарлар, техника және косметика өнімдері, ал Шымкент қаласында (3,6 трлн теңге) фармацевтика, жанар-жағармай мен агроөнеркәсіп кешені өнімдері негізгі үлес қосты.

Бөлшек сауда құры­лы­мында шамамен 760 мың бизнес субъектісі жұмыс істейді. Жеке кәсіпкерлердің тауар айналымы 10 пайызға өсіп, 8,2 трлн теңгеге жетті. Опера­тив­ті деректерге сәйкес 11 айдағы онлайн-сатылым көлемі 3,3 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,4 пайызға артты.

Ауыл шаруашылығы саласы да барлық бағыт бойынша тұрақты өсім көрсетуде.
11 айдың қорытындысында нақты көлем индексі 106,1 пайызды құрады. Жылдық өсім 5 пайыз деңгейінде болжанып отыр, бұл жоспарлы көрсеткіштен 3 пайыз­ға жоғары.

Республикалық орташа деңгейден жоғары өсім Ақмола (115,7%), Қостанай (115,4%), Солтүстік Қазақстан (110,5%), Павлодар (108,2%) мен Атырау (107,4%) облыстарында тіркелді.

Дәстүрлі дақылдардан алынған тұрақты жоғары өнім аясында биылғы жылы майлы және бұршақты дақылдар айқын өсім нүктесіне айналды. Бұршақты дақылдардан рекордтық – 1,1 млн тоннадан астам өнім жиналды. Ал майлы дақылдар өндірісі алғаш рет 4,7 млн тоннаға жетті. Мақта жинау көлемі 428 мың тоннаны құрап, кейінгі 18 жылдағы ең жоғары көрсеткішке шықты. Өнімділік гектарына 29,6 центнер болды.

Осылайша, негізгі салалар­­дағы оң серпін мен нақты қолдау шаралары алдағы жылдары экономикалық өсімді тұ­рақ­ты қамтамасыз етуге негіз бол­мақ.