Биыл азаматтарға шамамен 7300 жалға берілетін пәтер және 10 мыңнан астам субсидияланған ипотекалық несие берілді.
Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов мәлімдеді. Оның айтуынша, мемлекеттік қолдауды үлестіру кезінде халықтың әлеуметтік осал топтарына басымдық берілген. Сонымен қатар мұқтаж азаматтар үшін тұрғын үй жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау және тұрғын үй сертификаттарын беру шаралары да қолға алынған. Осы мақсатқа бюджеттен 7 млрд 600 млн теңге бөлініп, 11 мыңнан астам адам бағдарламаның игілігін көрді. Сондай-ақ 11 айдың қорытындысы бойынша 1400-ден астам азамат алғашқы жарналарын жабу үшін жалпы сомасы 1 млрд 700 млн теңгеге тұрғын үй сертификаттарын алды.
Қуандық Қажкенов, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі:
- Мемлекеттен жалға және несиеге берілетін үйлердің бағалары қадағаланады. Олардың шаршы метрінің құны белгілі бір сомадан асып кетпеуі керек. Осылайша біз пәтерлердің қарапайым азаматтар үшін қолжетімді болуын қадағалаймыз. Биыл жалға берілетін пәтерлерге 150 млрд теңге, несиеге берілетін үйлерге 140 млрд теңге бөлінді. Бұл өте қомақты қаражат. Бұрынғы жылдары мұндай болмаған.