Білім ошағы Таразда ашылды.
Енді Шөлдана тұрғын алабында орын тапшылығы мәселесі түбегейлі жойылады.
Жаңа білім ордасы 600 оқушыға шақталған. Ғимаратта кітапхана, шеберхана, хореография сыныптары мен бірнеше спорт залы бар. Зертханалар мен пәндік сыныптар да талапқа сай жабдықталған. Робототехника үйірмесі мен арнайы демалыс және коворкинг аймақтары бар.
Ербол Қарашөкеев, облыс әкімі:
- Келешек мектебі жобасы бойынша бүгінге дейін 6 мектеп пайдалануға беріліп, бүгін сол игі бастаманың жалғасы ретінде тағы еңселі мектеп өз есігін айқара ашты. Мектеп кең әрі жарық сыныптар мен заманауи оқу құрал жабдықтармен, спорттық және шығармашылық бағыттағы мүмкіндіктермен толық қамтылды.
Шөлдала тұрғын алабында тағы үш мектеп бар. Дегенмен 1000-ға жуық орын жетіспеушілігі болды. Енді жаңа ғимараттың ашылуымен өзге білім ошақтарына түсетін жүктеме азаяды.
Әйгерім Алтынбаева, қалалық білім бөлімінің басшысы:
- 760 бала қабылданып отыр. Тағы қосымша 150 бала осы мектепте жайғасатын болады. 21-ғасыр дағдыларын меңгеруге, оқушыларға сапалы білім саналы тәрбие алуда ақпараттық коммуникациялық технологияларды қолайлы қолдануға барлық осы мемлекет балаларға үлкен жағдай жасап отыр.
Биыл қалада бес мектеп күрделі жөнделіп, тағы үш білім ошағына жапсарлас ғимарат салынды. Бұл жұмыстарға бюджеттен 4,5 млрд теңге бөлінді. Осылайша орын тапшылығы мен үш ауысымды мектептер мәселесі шешілді.
Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә