«Қазақмыс» компаниялар тобы «Жұмысшылар жылын» қорытындылады. Бүгін үздіктер елордада бас қосып, марапатқа ие болды.

«Қазақмыс» корпорациясының үздіктері Астанада бас қосты. Олардың әрқайсысы кәсіпорынның ғана емес, еліміздің дамуына сүбелі үлес қосып жүр. Міне, төккен тер ақталды. «Жұмысшылар жылы» аясында 100-ден аса қызметкер марапатқа ие болды.

Мәди Исмаилов, Жезқазған мыс қорыту зауытының күйдірушісі:

- 15 жылда ең алғаш алып жатқан марапатым. «Қазақмысқа» алғыс айтамын. Зауытымыз көркейе берсін. Біраз көмек берді. Қаламызға мешіт салып беріп жатыр. Өте мықты дәреже деп айтамын. Спорт комплекстер ашылды.

Корпорацияға қарасты барлық өндіріс алаңында 38 мың адам еңбек етеді. Жұмыс оңай емес, оның жайлы әрі қауіпсіз болуы маңызды. Сол себепті биыл фабрикалар мен кеніштерде жаңа жабдықтар орнатылып, маңызды жүйелер жаңартылды. Жұмысшылардың тұрмысы да түзеліп келеді. Мәселен, биыл 60-тан астам отбасыға баспана берілді.

Иван Юрченко, тиеу-жеткізу көлігінің жүргізушісі:

- Біздікіндей жұмыс та елге керек. Қарапайым ғана жұмысшы болсақ та, еңбегіміз ақталып жатыр. Жастарға жауапкершіліктен қорықпаңдар деп айтқым келеді. Шахтадағы жұмысқа келіңдер. Біздің ұжым өте керемет.

Биыл «Қазақмыс» өңірлерді дамытуға және қызметкерлерді қолдауға 90 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Негізгі басымдық тұрғын үй, денсаулық сақтау, инфрақұрылымды дамыту, білім беру, спорт және қызметкерлерді қолдауға бағытталған. Соның нәтижесінде «Парыз» сыйлығына лайық деп танылды.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Мадияр Қындыбаев