Елде өңдеу өнеркәсібі өркендеп келеді. Жыл басынан бері өндіріс көлемі 6% өсіп, 24 трлн теңгеден асты. Оң динамикаға мемлекеттік қолдау да әсер еткені рас. Мысалы, кәсіпкерлер шикізатты жеңілдетілген бағамен ала алады. Сондай-ақ өнеркәсіптік инфрақұрылым тарту және өнім өткізуге де мүмкіндік артқан.
Өңдеу өнеркәсібінде ілгерілеу бар
Биыл өңдеу өнеркәсібінде 147 жоба іске асып, 18 мыңнан аса жұмыс орны құрылды. Елде жеңіл автокөлік шығару ісі жалғасып жатыр. Тамақ өнеркәсібі, тұрмыстық техника, болат құбырлар және тоқыма материалдарын өндіретін ірі жобалар да жемісін бере бастады. Шикізатты жеңілдетілген бағамен алуға болады. Қолайлы несие де қарастырылған. Жыл соңына дейін елде жалпы құны 1,5 трлн теңге болатын 190 жоба іске қосылады.
Инвестициялық серпіліс
Елде инвестициялық серпіліс болған аймақтар көбейді. Мәселен, Ақмола, Павлодар облыстарындағы көрсеткіш 50%-тен асқан. Мұнда өнеркәсіп, инфрақұрылым және ірі құрылыс жобалары сәтті жүзеге асып жатыр. Қалған өңірлер орташа деңгейді ұстап тұр. Ал Абай және Атырау облыстары аутсайдерлер қатарында тұр. Tradereport сарапшылары Атырауда мұнай-газ саласындағы жобалардың аяқталуы жалпы инвестициялық белсенділікті төмендеткенін айтады. Оның үстіне қазір назар шикізаттық өңірлерден өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық орталықтарға қарай ауысып жатқаны байқалады. Демек жаңа жобаларды осы бағытқа бейімдеу керек. Он айда елдегі инвестициялық өсім 13%-тен асты.
Елде сүт өндірісі еселенді
Солтүстік Қазақстан облысы елдегі сүт өндірісінің 20%-ін қамтымақ. Бұл үшін аймақта қос ірі инвестициялық жоба қолға алынды. Жылдық қуаты 68 мың тонна. Қазір отандық сүттің оннан бір бөлігі осы өңірде өндіріледі. Биыл нарыққа 335 мың тонна-ақ өнім шығарылды. Көрсеткішті еселеу үшін тағы 8 заманауи сүт кешені салынып жатыр. Қазірдің өзінде мұнда 110 тауарлы сүт фермасы бар. Сонымен қатар 10 мың басқа арналған Орталық Азиядағы ең ірі ферма салынады. Жаңа жобалардың арқасында өндірілетін сүт үлесін 70%-ке дейін арттыруға мүмкіндік туады.
Ғауез Нұрмағамбетов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
- Салыстыратын болсақ, Беларусьте заманауи фермалар сүт өндірісінің 77%-ке дейін, Қытайда 70%-тен астам, Еуропа елдерінде 93%-тен астамын қамтамасыз етеді. Жобаларды іске асыру өңірдің позициясын нығайтып, Солтүстік Қазақстан облысының республикалық сүт өндірісіндегі үлесін 20%-ке дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
Банктердің бизнеске берген несие көлемі артты
Жыл басынан бері банктердің бизнеске берген несиесі 15% өсіп, 15,9 трлн теңге болды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қарыздың барлық салаға бағытталғанын айтады. Мәселен, өнеркәсіпке 5 трлн теңге берілді. Бұл 13,6% көп. Сауда, ауыл шаруашылығы, құрылыс, басқа салаларда да өсім байқалады.
Авторы: Мерей Мұратханқызы