Мүгедектікті белгілеу бойынша 99 мыңнан астам өтінім сырттай форматта қаралды.

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді. Бүгінде пилоттық бағдарлама аясында сырттай форматта куәландыру 50-ден астам нозологиялық нысан бойынша жүргізіледі. Мүгедектігі бар азматтарға қандай жағдай жасалған?

Екі жыл бұрын астаналық Күлтай Нұржанованың аяғына ауыр операция жасалып, екінші топтағы мүгедек атанған. Содан бері тұрақты ем алып келе жатырмын дейді 78 жастағы кейуана.

Күлтай Нұржанова, қала тұрғыны:

- 3 рет стенд қойды. Көзіме екі рет операция жасады. Аяғыма да жасады мінеки. Солай инвалид боп жатырмыз. Инсульт алдым жиырма төртінде. Содан бері жатырмын осында. Реабилитация орталығына түстім. Енді балаларым қарап жатыр. Жақсы ем өтіп жатырмын. Ойлаймын әрі қарай жақсы болады деп.

№2 қалалық көп бейінді аурухананың оңалту бөлімінде ай сайын 35 жан ем қабылдайды. Оларға төрт реабилитолог дәрігер мен 15 медицналық қызметкерден бөлек, 4 массаж маманы қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, заманауи аппараттар да алынып жатыр.

Айнагүл Майқанова, №2 қалалық көп бейінді аурухананың реабилитолог дәрігері:

- Біздің бөлімде неврология, нейрохирургия, кардиология және кардиохирургия, травмотология мен ортопедия бойынша медициналық оңалту жүргізіледі. Жалпы оңалту жұмыстары кешенді түрде өтуі керек. Оның ішінде физиотерапевтикалық шаралар, массаж, емдік гимнастика кіреді. Әр пациентке арналған жеке бағдарлама болады.

Бүгінде мүгедектігі бар адамдар мемлекет есебінен протездік-ортопедиялық көмекпен, сурдотифлотехникалық құралдармен, арбалармен, санаторлық-курорттық емдеумен, міндетті гигиеналық құралдармен, жеке көмекшінің, сондай-ақ ым-ишара тілі маманының қызметтерімен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы оңалтудың техникалық құралдарын алу мүмкіндігі бар. Жыл басынан бері осы сайт арқылы 562,9 мыңнан астам тапсырыс орындалды. 1 шілдеден бастап қолға алынған пилоттық жоба аясында енгізілген мүгедектікті белгілеудің арнайы механизмі қағазбастылықты жойып, шешім қабылдау мерзімін бір жұмыс күніне дейін қысқартты.

Серік Селеубайұлы, Ақылбек Есімсейітов